(без названия)

«Жасыл ел» – жастарды еңбекке баулитын жоба

Жасөспірім үшін алғашқы жалақы жай ғана ақша емес. Бұл – ересек өмірге жасалған маңызды қадам. Елімізде мектеп оқушылары қазір өздерін түрлі салада сынап, табыс таба бастады. Жастарды жұмысқа алатындар кімдер және балалар көбіне қай саланы таңдайды?
Жасөспірімдер үшін алғашқы жұмыс өмірдегі маңызды тәжірибе екені сөзсіз. Осының арқасында кейінгі толқын бар жауапкершілікті сезініп, адал тапқан табыстың қадірін түсінеді.

МИРАС РАХЫМЖАНОВ, ОҚУШЫ:
— Мен үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп жүрмін. Өз еңбегіммен адал ақша табамын. Әрі пайдалы іспен айналысамын. Үйде гаджетке телміріп отырғаннан гөрі бос уақытымды осылай пайдалы өткізген әлдеқайда тиімді.

Елімізде жасөспірімдерге тәжірибе жинақтау үшін түрлі жоба қолға алынған. Солардың бірі – жастарды тазалыққа, қоғамдық іске баулитын «Жасыл ел» еңбек жасағы.

ЖҰЛДЫЗАЙ СЫЗДЫҚБАЕВА, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Біз балаларды 14 жастан қабылдаймыз. Жұмыс үш айға жалғасады. Бірақ жасөспірім маусымда тек бір ай ғана жұмыс істейді. Міндетті түрде келісімшарт жасаймыз. Егер қатысушы 18 жасқа толмаса, ата-анасының рұқсаты қажет. Ал қаржыландыру қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Заңгерлердің айтуынша, елде жастарды жұмысқа орналастыру заңмен реттеледі.

СЕРГЕЙ УТКИН, ЗАҢГЕР:
— Еңбек кодексі бойынша балаға 14 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат. Бірақ ата-ананың келісімі міндетті түрде керек. Әрі бұл оқуға кедергі келтірмеуі керек. Сондықтан жұмыс беруші де осыны қадағалауы тиіс.

Еңбек түбі – береке. Сондықтан балалардың тынымсыз тіршілікке араласып напақасынан адалынан табуы абырой биігінен көрінгені деп білгеніміз абзал.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал