Қыс ызғары қайтар емес. Өткен тәулікте әсіресе еліміздің солтүстік аймақтары үшін түн тыныш болмады. Ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран соғып, республикалық маңызы бар 30-ға тарта жол жабылды. Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері таратқан ақпаратқа сәйкес, бір күнде 300-ге жуық адам құтқарылған. Оның ішінде балалар да бар. Синоптиктер тұрақсыз ауа райы алдағы күндері де сақталуы мүмкін деген болжам жасап жатыр.
Наурыздың ортасына жақындадық, алайда еліміздің солтүстігінде көктемнің иісі де сезілмейді. Осыдан бірнеше күн бұрын өңірде сынап бағанасы -30 градусқа дейін төмендеген еді. Ал күні кеше ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран соқты. Барлық бағыттағы жол жабылған соң, сақшылар мен құтқарушылар жұмысты күшейтті. Алайда дабылды ескертуді елемей жолға шыққандар да болған. Бастысы олардың барлығы дін аман.
ДӘУРЕН ТАУБАЕВ, СҚО ТЖД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Өткен тәулікте департаменттің күш-құралдарымен 14 авариялық-құтқару жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде, 58 адам құтқарылды. Оның ішінде оны – бала. 19 бірлік техника қар құрсауынан шығарылды. Жылыту пунктеріне 194 адам орналастырылды. Қатты екпінді желдің салдарынан 2555 абонент электр энергиясыз қалды.
Өңірде ұйтқыған желдің екпіні секундына 30 метрден асты. Бағанадағы сымдар үзіліп, 22 ауылда жарық өшті. Энергетиктер қайта қалпына келтіру жұмыстарын әлі жүргізуде.
Табиғаттың тарпаң мінезі теріскейліктерді ғана емес, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар сынды бірнеше облыс тұрғындарын да титықтатты. Соңғысында мал іздеуге шыққан ер адам боранда адасып, мерт болды. Ал Астана қаласы маңында қатты аяздан малдар қатып қалған. Ақмола облысында құтқарушылар Шағалалы ауылы маңында қар құрсауында қалған жедел-жәрдем көлігін сыртқа шығарды. Оның ішінде соқырішек ауруына шалдыққан 2008 жылғы бала болған екнен. Ол бірден Көкшетаудағы ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ осындай жаңдайға тап болған екі жүкті әйелге де көмек көрсетілді. Жалпы, өткен тәулікте еліміз бойынша 300-ге жуық адам эвакуацияланды. Синоптиктер мұндай қолайсыз ауа райы әлі сақталатынын мәлімдеді. Бүгінде бірнеше өңірде жолдар жабық. Сондықтан мұндай кездері алыс сапарға шықпаған абзал.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.