Шымкентте небәрі 3 жыл бұрын пайдалануға берілген көпқабатты үйлерді су басып жатыр. Еріген қар мен жаңбыр суы жертөледен асып, лифт шахтасына дейін жеткен. Жыл сайын қайталанатын бұл келеңсіздік қашан шешіледі? Сапасыз құрылыс па? Әлде табиғаттың тосын мінезі ме?
Су басқан жертөлені тазалағанмен, ылғал толық кетпей, еден әлі де дымқыл тартып тұр. Тұрғындар мұндай жағдай әр жауын-шашын сайын қайталанатынын айтады. Жаңбыр жауып, қар еріген сайын сырттан аққан су үйдің жертөлесіне кіріп, көлге айналады. Ақыры сол су жеделсатының істен шығуына себеп болған. Жоғарғы қабатта тұратын тұрғындар үшін үйден шығу да қиынға соққан.
Тұрғындар бұл көпқабатты үйге небәрі үш жыл бұрын ғана қоныстанған. Пәтер иесінің басым бөлігі баспананы 20 жылға несиеге алған. Тұрғындар мәселені толық шешіп беруді сұрап отыр.
МАҚСАТ МЕЙМАНӘЛИЕВ, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Сырттан магистралды-инженерлік жүйелердің кіру айналысынан су өткен. Лотоктардың ішіне жиналған. Сол арқылы өткен. Оның барлығы қазіргі таңда ретке келтірілген. Ол бойынша атқаратын іс-шарамыз дайын. Бекітіліп қойылды. Ауа райының қолайлы кезінде қосымша құдық орнатып, бірқатар шаралар өткізуді жоспарлап жатырмыз.
Ауа райының күрт өзгеруі қаланың символына айналған қызғалдақтарға да кері әсер етуі мүмкін. Миллиондаған гүлді қар басып қалған. Биыл қала аумағында қызғалдақ егуден рекорд жаңарады деп жоспарланып, 1 миллион 600 мың түп гүл отырғызылған. Қазіргі таңда көктемнің көркін ашатын қызғалдақтардың үсіп кету қаупі бар.
НҰРҚОЖА САПАРБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Жекешелік мемлекеттік серіктестік аясында магистралды көшелерге және саябақтарға 1,6 млн дана қызғалдақ отырғызылды. Алайда 10 наурыз күні ауа райының күрт сууына, температураның -12,-13 градусқа төмендеуіне байланысты қазіргі таңда тиісті мамандар тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Гүлдердің солып қалмауы, өсімдіктердің зақымданбауына байланысты зерделеу жүріп жатыр. Шығын барлық уақытта болады, бірақ көп емес деп ойлаймыз.
Не дегенмен, Шымкент әлі де өз рекордын жаңартуды көздеп отыр. Алайда суық ауа райының бұл жоспарға қаншалықты әсер ететіні белгісіз.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.