Ақтөбеде техника сататын дүкеннің менеджері 20 жастағы жігітті алаяқтардың арбауынан аман алып қалды. Ержан Қонақбаев сол күні бейтаныс жігіттің түсініксіз іс-әрекетін байқап қалан. Ол алдымен ұялы телефонмен үздіксіз сөйлесіп, кейін банк терминалдары тұрған төменгі қабатқа түскен. Оған телефон арқылы әлдекімдердің тапсырмасын орындап жатқандай көрінген. Менеджер бірден әлгі азаматтың соңынан ереді. Жас жігіт болса, алаяқтардың есеп шотына 10 миллион теңгені аударуға оқталған. Бұдан басқа, арбалған тұрғын ата-аналары отбасылық салтанатқа деп дайындаған алтын бұйымдарды да сатпақшы болған. Ақтөбелік тұрғынның бұған дейін 800 мың теңгені бейтаныс жандарға аударып жібергені белгілі болды. Дүкен менеджері дереу полицияға хабар берген. Құқық қорғаушылар қырағылық пен азаматтық ұстаным үшін оны мақтау қағазымен марапаттады.
ЕРЖАН ҚОНАҚБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Ол маған өзіне ҰҚК-ден қоңырау шалып, түрмеге отырғызамыз деп қорқытып жатырғанын айтты. Неге, не үшін деген сұрағыма толық жауап та бере алмады. Өйткені алаяқтардың айтқанына әбден сеніп, еркінен айырылып қалған. Сосын телефонындағы хат алмасуларды көрсетті, оқысаң түсінесің деп. Онда қоңырауды көтермесең, өмір сүрмейсің делінген. Мен бұл алаяқтардың әрекеті екенін бірден түсіндім.
ЖӘНІБЕК ШАҒЫРОВ, КҚІҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
— Ең актуалды интернет-алаяқтықтың түрі — әртүрлі мекемеден хабарласып, код сұрау. Мысалы, Актив, Билайн, Теле 2 операторы болып хабарласуы мүмкін. «SIM картаның мерзімі бітейін деп жатыр, ұзарту үшін код жібереміз», — дейді. Кодты айтқаннан кейін, алаяқтар қайтадан хабарласып, өздерін банк, полиция немесе ҰҚК қызметкері болып таныстырады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.