Масылдықтан арылу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың бюджетін жоспарлауға қатысты қатаң ескерту жасады. Енді ауылдық округтер салық пен айыппұлдан түсетін қаражатты өздері иелік етіп, өңірді дамытуға жұмсай алады. Алайда қаржыны оңды-солды шашуға жол берілмейді. Мәслихат депутаттарының өкілеттігі қалай кеңейеді және бюджеттің тиімді жұмсалуын кім қадағалайды?
Мәслихаттың беделін көтердік. Енді әр аймақ өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс. Президент осы ретте аймақтардың қаржылық дербестігін біртіндеп күшейтіп жатырмыз деді. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асқан. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекеннің табысы. Ал ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жеткен. «Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш», — деді Тоқаев. Енді ауыл-аймақтың табысы бұдан көп болуы мүмкін.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады. Менің тапсырмама сәйкес қазір Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін. Бұл – дұрыс ұстаным. Түскен табыс, ең алдымен, сол өңірдің дамуына жұмсалуы керек.
Бірақ аймақтардағы бюджетті жоспарлау жұмысына Президенттің көңілі толмайды. Жергілікті бюджет жобасы мәслихатқа соңғы сәтте ұсынылып, депутаттар оны толық талқылауға үлгермейді, соның салдарынан қаражат кейде тиімсіз жобаларға жұмсалып кетеді. Сондықтан әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн. Осылайша, жұмыстың сапасын арттырып, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауға болады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қыруар қаржыны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғару қажет. Әкімдер республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермеуі керек. Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет. Жергілікті билік өкілдері табысты көбейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс. Бюджет қабылданатын кезде «Қанша жұмыс орны ашылады, жеке инвестиция тартыла ма, бизнестің дамуына қандай жағдай жасалады, қанша салық төленеді?» деген сауалдарға нақты жауап берілуі керек.
Мәслихаттың нақты неге жауап беретіні әлі күнге дейін айқын емес. Олардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қарауды ұсынды Президент. Өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейту керек. Ал төрағасы бұл қызметті екі мерзімнен артық атқармауы тиіс.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет. Бұл – айрықша маңызы бар міндет. Олардың жергілікті билік жүйесіндегі рөлін күшейту қажет. Әкімдер халықпен кездескенде азаматтардың көбі нақты мәселелерді айтып, бірнеше сұрақ қояды. Сондай түйткілдер дұрыс шешімін табуы үшін депутаттық корпус белсенді түрде бақылау жасап, әкімдермен бірге жұмыс істеуі керек.
Референдумға шығарылған Конституция жобасында жаңа бір палаталы Құрылтайдың депутаттары пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайланады деп көрсетілген. Президент бұл тұста мәслихаттарда ештеңе өзгермейтінін, яғни бір мандатты жүйе сақталатынын айтты. Мемлекет басшысы мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы көпір екенін, олар тұрғындардың мәселесін шешуге көмектесуі керек екенін еске салды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев халықты, соның ішінде жастарды 15 наурызда өтетін референдумда дауыс беруге шақырды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.