Қала мектептеріне жасанды интеллект пен STEAM-технологиясы енгізіліп жатыр. Сарапшылар жасанды интеллектіні сабақта тиімді пайдаланудың тәжірибесімен бөлісті. Мұғалімдер мен оқушылар IT-дағдыларын дамыту үшін қандай тәсілдер қолданады?
Астанада оқушылар жасанды интеллект пен STEAM технологияларын үйреніп жатыр. №8 мектепте Cyberpack кабинеті ашылды. Бұл кабинет болашақта инженер немесе IT саласын таңдауды көздейтін оқушыларға арналған. Мұнда 1-сыныптан бастап 4-сыныпқа дейінгі, яғни бастауыш сынып оқушылары сабақтан тыс уақытта келіп, өз идеяларын іс жүзінде жүзеге асыра алады. Сондай-ақ түрлі жарысқа қатысуға мүмкіндік бар.
IT саласына бұрын қызықпаған Медина Сүйіндік: «Бұл бағытқа қызығушылық өздігінен пайда болды», — дейді. Мектеп президенттігіне үміткер болып жүрген ол «оқушыларға қалай көмектесемін?» деген оймен IT мен жасанды интеллектіні зерттей бастағанын айтады. Нәтижесінде, мектепте арнайы Telegram-бот пайда болды. Ол оқушылар мен мектеп әкімшілігі арасында кері байланыс орнатуға бағытталған. Осылайша IT-ге қатысы жоқ оқушы бүгін жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану жолдарын қатарластарына таныстырып жүр.
МЕДИНА СҮЙІНДІК, №8 МЛ ОҚУШЫСЫ, AI МИНИСТРІ:
— Біздің мектепте Адал атты телеграмм бот енгізілді. Ол қыркүйек айынан бері жұмыс істейді. Оқушылар өздерінің пікірлерін немесе ұсыныс-шағымдарын анонимді түрде немесе қаласа өз аттарынан мектеп әкімшілігіне жібере алады. Ол тез арада қарастырылады.
Жасанды интеллектіні қолдану үшін мамандар әрбір оқушы жыл ішінде кемінде бір жоба немесе бір конкурсқа дайындалуы керек дейді. Сол үшін мектеп арнайы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл оқушыларға тек инженерлік емес, шығармашылық бағыттағы байқауларға да қатысуға мүмкіндік береді.
САБЫРЖАН МУСТАФИН, CYBERPACK.AI НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
— Осындай кабинетті біздің компаниямыз бірінші рет ашып жатыр. Барлық жабдықтармен бірге қойдық. Біздің компанияның басты құндылығы – мектептегі әрбір оқушыдан ғалым, инженер, шығармашылық маман қалыптастыру. Балалар конкурстарға қатысады, комикстер, мультфильмдер, фильмдер, ғылыми инженерлік жобалар жасайды, стартап конкурстарға қатыса бастайды. Яғни әрбір бала мектеп төңірегінде жетістікке жету мүмкіндігін алады.
Қазір мамандар еліміздегі 100 мектеппен серіктестік орнатуды жоспарлап отыр. Егер әр мектепте осындай арнайы кабинеттер ашылса, оқушылардың IT әлеміне бір қадам жақындай түсері анық.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.