Шығыс Қазақстан облысының жеті дәрігері қауіпсіздік мақсатында Таяу Шығыстан эвакуацияланды. Медицина мамандары Израильде тағылымдамадан өтіп жатқан, алайда аймақтағы жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты олар шұғыл түрде елге оралуға мәжбүр болды. Өскемен қаласындағы №4 қалалық ауруханасының дәрігері Жанболат Ғазизовтың айтуынша, әскери шабуылдар басталған алғашқы күндері қазақстандық мамандар Шиба клиникасының жанындағы қонақүйге орналастырылған. Олармен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері және медициналық мекемелердің басшылары тұрақты байланыста болған. Айта кетейін, Тель-Авивтің әуе кеңістігі жабық болғандықтан, қазақстандық дәрігерлер алдымен көлік арқылы Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласына жетіп, кейін ұшақпен Қазақстанға жеткен.
ЖАНБОЛАТ ҒАЗИЗОВ, №4 АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:
— Бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны түсіну үшін сол жерде болып, өзің бастан кешіруің керек. Біз психологиялық күйзеліске ұшырадық. Тезірек елге оралғымыз келді. Бізбен елші де, медициналық мекемелердің басшылары да үнемі байланыста болды. Құдай сақтасын, әрдайым бейбіт аспан астында өмір сүріп, өмірімізге ештеңе қауіп төнбесе екен. Осындай жағдайды көргенде, өзіңде бардың қадірін жақсырақ түсінесің.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.