(без названия)

Қарағандыда қатерлі ісікті дәл және қауіпсіз емдейтін заманауи медициналық құрылғы іске қосылды

Қарағандыда жоғары дәлдіктегі сәулелік терапияға арналған заманауи құрылғы іске қосылды. Енді онкологиялық дертке шалдыққан науқастар шетелге барып ем іздемей-ақ, қажетті ем-домды ел ішінде ала алады. Мұндай бір аппараттың құны 2 миллиард теңгеден асады. Жаңа қондырғының тиімділігі қатерлі ісік ауруларын сәулелік терапиямен емдеп, сау ағзаға зиян келтірмейді.
Қатерлі ісікті емдейтін ауруханаға заманауи медициналық құрылғы орнатылды. Бұл – әлемнің жетекші онкологиялық орталығында қолданылатын ерекше жабдық. Артықшылығы, терең орналасқан күрделі ісікті дәл анықтап, жан-жағындағы сау ағзаға зиян келтірмей емдейді.

ГАМАЛЬ ТОҚСАМБАЕВ, №3 КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫ:
— Бұл құрылғы атомдарды үдету арқылы жұмыс істейді. Ең бастысы, емдеу кезінде сау ағзаға зиян келтірмейді. Яғни тек ауру ошағына ғана әсер беріп, емді қауіпсіз әрі тиімді етеді.

Өңірде жыл сайын шамамен 4 мыңға жуық тұрғын қатерлі ісікке шалдығады. Бұған дейін сәулелік терапиямен жылына 700-ге жуық науқас емделсе, жаңа құрылғының көмегімен енді бұл сан бір жарым мың адамға дейін артады деп жоспарланған. Бұл орталықта Ұлытау облысынан келетін науқастар да ем алады.

ЛӘЗЗАТ ШЫҢҒЫСБАЕВА, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:
— Ұлытау облысында мұндай инфрақұрылым жоқ. Сондықтан осы мәселеге де назар аудардық. Ал науқас емді дәл қазір алуы керек. Бұл жабдықтың екі кешеніне 5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұрын шетелге барып ем іздейтін. Енді ондай қажеттілік жоқ. Себебі емдеу хаттамалары Еуропадағыдай, озық стандартқа сай.

Онкологиялық орталықта инженер, физик пен радиациялық онкологтардан құралған арнайы топ жасақталған. Мамандар арнайы дайындықтан өткен. Жабдықтың тілін жетік біледі. Дәрігерлер тұрғындарды қатерлі ісіктің алдын алу үшін скринингтен уақтылы өтіп, жиі тексерілуге кеңес етеді. Өйткені науқастың 20 пайызы дәрігерге ауруы әбден асқынған кезде келеді екен.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал