(без названия)

Құрылтайдың қазақ тарихы мен танымындағы маңызы қандай?

Көшпелі өркениетте маңызды шешімдер жеке емес, ел болып қабылданған. Қазақ тарихында мұндай кеңестер «құрылтай» деп аталды. Бұл – тек жиын емес, ру басылары, батырлар мен билер бас қосып, ел тағдырын талқылайтын ұлы кеңес. «Құрылтай» сөзі жалпы қайдан шыққан? Оның мағынасы қандай?
«Құрылтай» сөзі орта ғасырларда пайда болған. Тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлының айтуынша, Моңғол империясының тарихы туралы деректерде көп кездеседі. «Құрылу», «бірігу», «жиналу» деген мағына береді. «Түбі түркі-моңғол халықтарына ортақ сөз», — дейді тарихшы. Ең алғашқы құрылтайдың қай жылы, қай жерде өткенін дәл айту қиын. Зерттеушілер құрылтайға ұқсас жиындар б.з.д III ғасырда Ғұн мемлекеті кезінде болғанын айтады.

ТҰРСЫНХАН ЗӘКЕНҰЛЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
— Сонау ерте заманда құрылу, құралыптасу, бірігу, бір нәрсені талқылау, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді қарау дегенді білдірген. Бұл ғұндардың, түркілердің дәстүрінде болған. Әр жылы көктемде, жаздай атқаратын істерді, жорық жағдайын, көші-қон жағдайын, шаруашылық жағдайын, ақылдасқан, тексерген. Бұл – бір. Екінші, күзде қысқы өріс-қоныстың жағдайын, шаруашылықты, әскери жорықтарды, мемлекеттік істерді талқылаған.

Тарихтағы ең белгілі құрылтай осыдан шамамен 820 жыл бұрын қазіргі Моңғолияның солтүстік-шығысындағы Онон өзенінің жағасында өткен. Дәл сол құрылтайда моңғол және түркі тайпаларының өкілдері Темучинді барша тайпаның ұлы билеушісі деп жариялап, оған Шыңғыс хан деген құрметті атақ берген.

Құрылтай Қазақ хандығы дәуірінде маңызды саяси институттардың бірі болды. Онда хан сайлау, соғыс пен бітім мәселелері, жер мен ел бірлігі туралы шешімдер қабылданған.

Жаңа хан сайлау кезінде сұлтандар мен ақсүйектердің басы қосылып, лайықты үміткерді таңдап, халық алдында ақ киізге отырғызып хан көтерген.

Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығының ішкі бірлігі мен саяси бағыты да құрылтайда айқындалды. Яғни қазақ қоғамында кеңесіп шешім қабылдау мәдениеті бұрыннан бар.

ТҰРСЫНХАН ЗӘКЕНҰЛЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
— Ұлытау, Есіл бойы, Қарақұм, Ордабасы деген жерлер біз үшін киелі. Қозыбасы – Қазақ хандығының құрылған жері. Осы жерлердің бәрінде ірі-ірі құрылтайлар өткен. Қазақ халқының тағдырын шешкен, үш жүз бірігіп үлкен құрылтайлар өткізген. Бұл құрылтайларда негізінен екі түрлі: бірі – хандар кеңесі, одан кейін билер кеңесі форматында өтеді. Билер кеңесі кейбір таласты мәселелерді, ру-тайпа арасындағы, жер-су, жайылымға байланысты, кісі өліміне байланысты, жесір дауы, жер дауы, құн – осыған байланысты мәселелерді қараған.

1917 жылы қазақтың зиялы қауымы елдің болашағын талқылау үшін жалпықазақ құрылтайын өткізді. Бұл тарихи жиынға Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов бастаған Алаш қайраткерлері қатысты.

Құрылтай әр кезеңде «кеңес», «құрылтай», кейде тіпті «той» деп те аталған. Бүгінде бәрімізге таныс «той» сөзінің өзі сол кездегі құрылтай барысында өткізілетін салтанатты рәсімдерден шыққан деген пікір бар. Атауы әртүрлі болғанымен, құрылтайдың мәні өзгермеген. Ол – ел ішіндегі маңызды мәселелер талқыланып, заңдар бекітілетін әрі билік заңдастырылатын үлкен жиын. Француз шығыстанушысы Леон Каэн бұл дәстүрді «жыл сайын шақырылатын парламент» деп сипаттаған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал