Наурыз мейрамының онкүндігі еліміздің түкпір-түкпірінде басталып кетті. Көктемнің жаршысы саналатын Наурыз мейрамы қар борап тұрған өңірлерде де ерекше көңіл күймен қарсы алуда. Мәселен, Ақтөбе қаласында Амал мерекесі аясында жүздеген адам қатысқан «Қамажай» керуені ұйымдастырылды. Ұлттық киім киген аналар, әжелер мен қыз-келіншектер қазақы ән айтып, дәстүрді дәріптеді. Ал Астана тұрғындары да Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өтуге дайын.
Еліміздің бірнеше өңірінде әлі қар борап жатса да, көктемнің жаршысы – Наурыз мейрамын тойлау басталып кетті. Ақтөбе қаласында жылдағы дәстүрмен Амал мерекесіне орай 500 адамдық «Қамажай» керуені өтті. Іс-шара барысында әжелер, аналар, келіндер және бұрымды арулардан құралған керуен «Қамажай» әнін айтып, алаңға жиналды. Алаңда киіз үй тігіліп, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Аталған шараның басты мақсаты – халқымыздың көне дәстүрі Амал – Көрісу күнін кеңінен насихаттап, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Айта кетейік, 2024 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде мерекелік онкүндік 14 наурыз – Көрісу күнімен басталады. Әрі қарай Қайырымдылық күні, Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні, Шаңырақ күні, Ұлттық киім күні деп жалғасады.
Одан бөлек биыл мереке қарсаңында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Digital Nauryz онлайн-платформасын іске қосты. Арнайы сайтта ел бойынша өтетін мерекелік іс-шаралар туралы толық ақпарат жинақталған. Сондай-ақ қолданушылар концерт пен мерекелік жиынның тікелей трансляцияларын да тамашалай алады.
Ал елорда тұрғындары ауа райына қарамастан Наурыз мерекесін ерекше көңіл күймен қарсы алуға дайын. Тұрғындардың сөзінше, Наурыз – бірлік пен дәстүрді дәріптейтін, жылына бір рет келетін ең ерекше мерекенің бірі.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.