Орталық референдум комиссиясы сағат сайын өңірлер бойынша дауыс беру белсенділігін бақылап, ресми әрі нақты деректерді таратып жатыр. Әріптесім Гүлвира Сейтен арнайы аккредиттеуден өтіп, орталық комиссия ғимаратына барды.
Гүлвира, қайырлы күн. Дәл қазіргі жағдайды баяндап берсеңіз.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Дәл қазір Орталық референдум комиссиясында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өтіп жатыр. Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндіктің мәліметінше, барлық учаске уақытында ашылып, дауыс беру қалыпты режимде басталған. Қазірдің өзінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен алғашқы ақпараттар келіп жатыр. Өңірлерден түсіп жатқан мәліметтер сол бойда мына менің артымдағы үлкен экранда жарияланады. Әр облыстың көрсеткіші жеке-жеке тіркеліп, сарапталады.
Дауыс берушілер тізімінде барлығы 12 млн 461 мың 796 азамат бар. Учаскелік комиссиялар олардың жазбаша өтініші бойынша дауыс беру құқығын беретін 17 мың 514 есептен шығару куәлігін берген. Республикада 10 мың 388 дауыс беру учаскесі бар. Соның ішінде Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінде 54 елде 71 референдум учаскесі ашылған. Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтың айтуынша, 10 елдегі 11 учаске жұмыс істемейді. Себебі, ол елдерде әскери саяси жағдайдың нашар, оған қоса, біздің азаматтар саны төмен. Жалпы шетелде 14 380 адам дауыс береді. Алғаш болып Токио мен Сеулдегі отандастарымыз дауыс бере бастаса, ең соңғы ашылып, жабылатын референдум учаскесі АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан. Бұл учаске Астана уақытымен бүгін кешкі сағат жетіде ашылады және 16 наурызда сағат 08:00-де жабылады.
Әзірге дауыс беру барысына айтарлықтай әсер ететін заңбұзушылықтар тіркелмеген. Бірақ байқаушылар қоғамдық ұйымдар мен халықаралық миссия өкілдері әр учаскеде процесті жіті бақылап отыр. Мамандардың айтуынша, күннің алғашқы жартысы – сайлаушылар біртіндеп келетін уақыт. Ал негізгі белсенділік түске қарай күшеюі мүмкін.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.