Шымкент жұрты өте белсенді болды. Референдум учаскелері ашылысымен, дауыс беруге көп адам жиналды.
Гүлдана Сейдрасул, тілші:
— Жалпыхалықтық референдум күні Шымкент қаласында 363 дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Мегаполисте 695 мыңнан астам тұрғын дауыс беру құқығына ие болды. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметіне сәйкес, қала тұрғындарының 75,8 пайызы өз таңдауын жасады. Яғни, 528 мың азамат қатысқан. Ал саяси науқанның ашық әрі әділ өтуін 1540 қоғамдық ұйым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі байқады.
Қайырбек Құнанбаев, аумақтық референдум комиссиясының төрағасы:
— Азаматтардың белсенділігін көрсетті және олардың көңіл күйінің жоғары екенін байқап отырдық. Және Шымкент қаласында бүгін 5 шетелдік байқаушы – Өзбекстаннан ТМД миссиясы, одан басқа АҚШ азаматы біздің Шымкент қаласында байқау жасады.
Гүлдана Сейдрасул, тілші:
— Жалпы бүгін Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары референдумда белсенділік танытты. Назар аударатын жайттар да болды. Мәселен, Созақ ауданының ауыл жастары дауыс беруге атпен келді. Ұлттық дәстүрді дәріптеген жастар учаскеге салт атпен келіп, өз таңдауын жасады. Ал Төлеби ауданында Атазаң есімді жасөспірім ата-анасының ел болашағына қатысты маңызды таңдауға қатысуын сырттай бақылап, дауыс беру процесімен танысты. Шымкенттік ақ жаулықты әжелер келіндерімен бірге келіп, дауыс берді. Айта кетейік, өңірде саяси науқан барысында ешқандай құқықбұзушылық болған жоқ.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.