Жалпыұлттық референдум артта қалды. Алдын ала есептеулер бойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Демек, енді елдің саяси жүйесінде үлкен өзгерістер болғалы тұр. Президент жазда Парламент сайлауы өтетінін мәлімдеді.
Жаңа Конституцияны қабылдадық. Енді жыл сайын 15 наурызда Конституция күнін тойлаймыз. Ал алдымызда қызу саяси кезең тұр. Ел болып жаңа бір палаталы Парламентке, яғни Құрылтайға сайлау өткізуіміз керек. Президент саяси науқан жазда өтетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл жастардың парламенті болуы керек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Жаңа Парламент жастардың парламенті болуы керек. Сондықтан жастардан біраз адамды Парламентте депутат етіп сайлайық.
Жаңа Конституция бірінші шілдеде күшіне енеді. Бұрынғы Конституцияға сүйеніп жұмыс істеп келген мемлекеттік институт жаңа құқықтық тәртіпке сәйкестендіріледі. Осыған байланысты Үкімет өз өкілеттігін тоқтатып, отставкаға кетеді. Бұдан кейін Мемлекет басшысы жаңа Үкімет құрамын қалыптастыру процесін бастайды. Сол сияқты қазіргі екі палатадан тұратын Парламент – Сенат пен Мәжіліс те таратылмақ.
ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Сайлау туралы заң Мәжілісте қарастырылады. Сол заң, басқа заңдар Құрылтай туралы заң деп аталады. Барлығы қарастырылып, бекітілгеннен кейін жақын күндері Конституцияның жарлығына қол қойылуы керек. Одан кейін конституциялық заңдар өзгеріске ұшырайды. Осының барлығы 30 маусымға дейін жүргізіледі.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгеріс саяси жүйені жаңғыртып, партиялар арасындағы бәсекені күшейтуі мүмкін. Өйткені жаңа парламенттегі орындар партиялар жинаған дауыс санына қарай бөлінеді. Сонымен қатар әрбір депутаттық мандаттың саяси салмағы да арта түседі.
АЗАМАТ БАЙҒАЛИЕВ, ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:
— Бұл сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтеді. Яғни партиялар арасында нақты бәсеке басталады. Егер бірыңғай Құрылтай туралы айтсақ, онда әрбір депутаттың құны мен маңызы бұрынғыдан да арта түседі. Себебі енді ол бір ғана институт болады. Тиісінше, шешімдер дәл осы институтта – Құрылтайда қабылданады. Сондықтан әрбір мандат үшін күрес те күшейеді. Мұндай жағдайда партиялардың екі түрлі жолды таңдауы мүмкін. Біріншісі – коалиция құрып, бірігіп сайлауға бару. Екіншіден, енді Парламентте бірмандатты округтер болмайтындықтан, қазіргі партиялар көтермей жүрген кейбір мәселелерді алға тартатын жаңа партиялар да пайда болуы мүмкін.
Парламентке сайлау шегінен асқан партиялар өтеді. Бұл – Қазақстанда 5 пайыз. Қазір елде 7 партия тіркелген. Құрылтай сайлауы қарсаңында оның саны көбейюі мүмкін. Бірақ саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың пікірінше, әзірге оның деңгейі жоғары емес. Себебі қазіргі партиялар алдымен өз жұмысын жаңа заң талаптарына бейімдеуге тырысады. Дегенмен қоғамдағы ықпалды әлеуметтік және кәсіби топтар өз мүддесін Парламентте таныстыру үшін жаңа саяси күш құруы мүмкін.
Алдағы уақытта жаңа сайлау заңдары мен конституциялық актілер қабылданып, сайлау науқаны жарияланады. Күтілгендей, парламенттік сайлау жаз айларында, ал жаңа Құрылтай алғашқы отырысын күзде өткізуі мүмкін. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Президент Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.