Қарағандыда кәсіпкердің жаңа әдісінің арқасында 200 мыңға жуық көшет өсіп шыққан

Тал егудің де өз сыры бар. Қарағандының қатал табиғатына қарағай мен теректі қалай бейімдеуге болады? Кәсіпкер Владимир Крючковтың ерен еңбегі нәтижесінде бүгінде 200 мыңға жуық көшет өсіп шықты. Арнайы кассеталарда өсірілген тамырлар ашық топырақта еш зақымданбайды. Бұл әдіс аймақтың экологиялық картасын өзгерте ала ма?
Владимир Крючков бірнеше жылдан бері терек көшеттерін өсіруді қолға алған. Осы уақытқа дейін 30 мың түп терек отырғызған. Алды 15 жылға жеткен. Бүгінде жапырағы жайылған қарағайлар – ерен еңбектің нәтижесі. Өңірдің табиғаты өз алдына ерекше. Көп ретте қарағайлар тамырынан жетілмей жатып, семіп қалатын. «Шет елдік агрономдардың тәжірибесі негізінде жаңа тәсілге көштім», — дейді кәсіпкер.

ВЛАДИМИР КРЮЧКОВ, КӘСІПКЕР:
— Біз тұқымды арнайы кассеталарға егеміз. Жаз келгенше оның тамыры жетіліп, бекиді. Соңынан көшіріп, ашық топыраққа отырғызған кезде еш зақымданбайды. Егер осы жобаны дамытсақ, алдағы 10-15 жылда Қарағандыны айналдыра жасыл желек белдеуін жасар едік.

Жылыжайда қылқан жапырақты теректер тұқымы егілген. Қыркүйек айында олар ашық алаңда қыстауға қойылған. Жаңа әдіс арқылы көшеттердің 95 пайызын сақтап қалу мүмкін болған. Нәтижесінде, 200 мыңға тарта түрлі терек көшеттері өсіп шыққан. Аймақты жасылдандыру жұмыстардың маңыздылығын орман шаруашылығы мекемесі де құптап отыр. Себебі көп ретте егілген талдар өңірің ауа райына төтеп бере алмайды екен.

БАХТИЯР САНБАЕВ, ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Егілген теректердің аймақта бейімделіп кетуі бізде 60 пайыз деп бекітілген. Бұл қалыпты норма саналады. Алайда кей жылдары одан да төмен болып, 50 пайызға ғана жетіп жүр.

Өткен жылы облыстағы орман қоры 2 миллион түп көшетке толыққан. Ал биыл одан 200 түпке артық отырғызу жоспарланған. «Қазгидромет» таратқан ақпаратқа сенсек, Қарағанды облысы еліміздегі ауа райы ластанған аймақтардың көшін бастап тұр. Бастама аймақтағы қоршаған ортаға қаншалықты әсер етеді? Оны уақыт көрсетеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал