Елордада Наурыз мерекесіне арналған салтанатты шаралар жалғасып жатыр. Қала әкімдігінің «Tanym» көпфункционалды кешенінде ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада балалар мен педагогтар қазақтың бай мәдени мұрасын дәріптеді.
Наурыз мейрамын тойлау жалғасуда. Қала әкімдігінің Tanym көпфункционалды кешенінде «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік іс-шара өтті. Оған Білім басқармасының өкілдері, №1 және №2 өнер мектебі, «Tanym» көпфункционалды кешенінің білім алушылары мен педагогтері қатысты. «Мерекелік концерттің басты мақсаты – ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, Наурыз мейрамының рухын кеңінен насихаттау», — дейді ұйымдастырушылар.
ЖАНЕРКЕ МҰХТАРҚЫЗЫ, TANYM КӨПФУНКЦИОНАЛДЫ КЕШЕНІНІҢ ПЕДАГОГІ:
— Қаламыздағы барлық өнер мектебімен бірге отырып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында мерекелік іс-шара ұйымдастырдық. Бұл арқылы балаларға үлгі-өнеге көрсеткіміз келеді.
Сахнада ұлттық киім киген өнерпаздар қазақ халқының салт-дәстүрлерін бейнелейтін қойылымдар ұсынып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әр өнер мектебінің талантты оқушылары мен педагогтері сахнада өз өнерін көрсетіп, Наурызға байланысты дәстүрлі әндер шырқалып, күй орындалып, қобыздың әуезді үні естілді. Бұл көріністер көрермендерге халқымыздың бай мәдени мұрасын тағы бір мәрте еске салды.
Шара барысында өнер мен ұлттық дәстүрді ұштастырған, достық пен бірлікті дәріптейтін жарқын мәдени көрініске куә болдық. Айта кетейік, қалада Наурыз мейрамына орай мәдени-танымдық іс-шаралар алдағы күндері де жалғасын табады. Концерттер, көрмелер мен ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары мерекенің берекесі мен қуанышын бірге атап өтетін болады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.