Президент алдағы уақытта қандай заңдар өзгеретінін айтты

Қазақстанда алғаш рет әкімшілік амнистия жүргізіледі. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада мәлімдеді. Жаңа Конституцияның қабылдануына арналған салтанатты жиында Президент алдағы уақытта қандай заңдар өзгеретінін айтты.
Еліміз үшін ең маңызды құжатты Құрмет қарауылы ортаға алып шықты. Ақ қорапқа салынған алтын кітап.

Жаңа Конституцияның түпнұсқасы Президентте сақталады. Ал бұрынғы Негізгі заңның құжаты Мемлекет басшысының архивіне жіберіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа, содан кейін жаңа Ата заңға қол қойды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мен бүгін қол қойған Жарлық Ата заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды. Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет.

«Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді», — деді Президент. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Тиісті заңнамалық база сол уақытқа дейін дайын болуы керек. Мемлекет басшысы елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті келесі жылы да жалғасуы мүмкін деді. Тоқаев сондай-ақ елімізде алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалатынын мәлімдеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек.

Жаңартылған Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Президент Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты деп атады. «Жаңа Конституциямызға сәйкес адал қызмет етуге серт беремін», — деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал