Семейде жуырда өрт шыққан «Бала Парк» ойын-сауық орталығына қатысты тағы бір жайт белгілі болды. Осыдан үш ай бұрын дәл осы орталықта ойнап жүрген он жасар қыз бала биіктен құлап, ауыр жарақат алған. Бала қазір үйде емделіп жатыр. Ата-анасы оқиға кезінде ойын лабиринтіндегі қорғаныш торы жыртылғанын айтып: «Жауаптылар жазалансын», — дейді. Алайда арыз жазылғанына екі айдан асса да, іс қозғалмай келген. Тек прокуратураға жүгінгеннен кейін ғана іс қайта қарала бастаған.
ГҮЛМИРА БЕЙСЕМБАЕВА, АЙЛИННІҢ АНАСЫ:
— Біз бірден жедел жәрдем шақырдық. Қызымды облыстық балалар ауруханасына жеткізіп, ауруханаға жатқызды. Дәрігерлер оған омыртқаның сегіз жерден сынуы деген диагноз қойды. Оның бесеуі компрессиялық, үшеуі бел омыртқа тұсында. Біраз уақыт ауруханада ем алдық. Кейін үйге шыққан соң дәрігерлер екі ай бойы қатаң төсек режимін сақтауды тапсырды. Біз арыз жаздық, бірақ ұзақ уақыт ешқандай нәтиже болмады.
ЕРКЕБҰЛАН ҚОЖАНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Абай облысының прокуратурасы ойын сауық орталығында кәмелетке толмағанның жарақат алу фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының өндірісінде екендігін хабарлайды. Іс бойынша тергеп тексеру барысы бақылауға алынып, тиісті нұсқаулар берілді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.