ШҚО-да шет тілін меңгерген халықаралық гид-мамандары даярланады

Шығыс Қазақстан облысында жергілікті жерді жатқа білетін және шет тілдерінде еркін сөйлейтін халықаралық гид-мамандары даярланатын болды. Өйткені өңірдің туризм саласында кадр тапшы. Қонақ үйлерде, таулы курорттар мен демалыс орындарында білікті маман жетпейді.
Қазақстанның шығысындағы тау шаңғысы маусымы әлі аяқталған жоқ. Өңірдің беткейлерінде Қытай, Ресей, Польша және Германиядан келген шаңғышылар сырғанап жүр. Туристік топтар өз аудармашылармен келеді. «Себебі өңірде жергілікті гидтер өте аз», — дейді сарапшылар.
СЫМБАТ РАМАЗАНОВ, КП ТУРИЗМ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Бізге жол бойындағы сервис өте қажет. Кез келген саланың өз білікті маманы болуы тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Өкінішке қарай, бізде әсіресе туризм саласы үшін кадр даярлау ақсап тұр. Қытай, ағылшын, қазақ, орыс тілдерін білетін гидтер өте аз деуге болады.

2025 жылы өңірдегі 400 шипажай, қонақүй мен курорт 365 мыңнан астам турист қабылдады. Нысандардағы қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істеді. Себебі қызмет көрсетуші персонал жетіспеді. Өңірлік туризм басқармасы кадрларды жедел даярлау бағдарламасын әзірледі. Облыстың туристік аудандарына оқытушы-нұсқаушылар жіберіледі. Олар жергілікті тұрғындарды сұранысқа ие мамандықтарға, соның ішінде аспаздыққа да үйретеді.

РАУШАН ҚОҢЫРБАЕВА, КТК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Туризмді дамыту – біздің облыс үшін басым бағыттардың бірі. Осыған байланысты колледж базасында тек мемлекеттік тапсырыс аясында жұмысшы кадрларды даярлау ғана емес, сонымен қатар шалғай аудандарға барып, сол жерде мамандарды оқытатын мобильді орталықтар да жұмыс істейді. Олар – Катонқарағай, Тарбағатай, Марқакөл аудандары.

Биыл шығыста жедел оқыту форматында туризм саласы үшін 70-тен астам маман дайындалады.

ӘЛІМЖАН ДАЙЫРБАЕВ, ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Жалпы өңірде туризм саласындағы инвестициялық жобалар саны артып келеді. Жеке нысандар – жаңа демалыс базалары, қонақүйлер ашылуда. Әрине, мұндай нысандарды қызметкерлермен қамтамасыз ету қажет. Осы мәселе бойынша жұмыс жүргіздік. Мансап орталықтарының базасында оқыту ұйымдастырылады. Алғашқыда 70 адамды оқытуды жоспарлап отырмыз.

Туристік Зайсан және Катонқарағай аудандарында әуежайлар салынып жатыр. Ауыл жастары дәл қазір Өскеменде білім алып жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал