Білім беру стандарттары қайта қаралып, оқу қоры жаңартылады

Үкімет отырысында жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жөніндегі нақты шаралар қаралды. Соның ішінде азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Енді жеке мәліметтердің жаппай таралуына жол бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қазақстанда дербес деректерді қорғау мәселесі енді заңнамалық деңгейде қатаң реттелмек. Жауапты ведомство басшылығы Жаслан Мәдиев бұл бағыттағы ауқымды жоспарларды таныстырды. Енді жеке деректерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік пен 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
— Деректерді жүктеуге тыйым салынып, тек ерекше жəне нақты заңда анықталған жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Мемлекеттік органдар да, жеке сектор да өңдейтін дербес деректерді ретке келтіру жəне есепке алу үшін: дербес деректер операторларының сынапталған реестрі, жəне сенімді шетелдік алушылар реестрі құрылады.

Осылайша дербес деректерді өңдейтін операторлар ақпараттың таралу фактілері туралы азаматтардың өздерін және уәкілетті органдарды міндетті түрде хабардар етуге міндеттеледі. Сондай-ақ жеке мәліметтерді өңдеу процесі басталғаны жөнінде уәкілетті органды алдын ала ескертуі керек. Бұл нормалар киберқауіпсіздікке қатысты заңнамаларда қайта қаралады. Маңызды құжатта бекітілетін бастамалар ақпараттың сыртқа кету қаупін барынша азайтпақ.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Мемлекет басшысы дербес деректерді қорғау мәселесінің өзектілігін әрдайым атап өтеді. Сондықтан тиісті нормалар Ата заңда бекітілді. Бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің белсенді енгізу кезінде айрықша маңызды. Жасанды интеллект министрлігі дербес деректерді қорғау саласындағы бақылау тетіктерін күшейтіп, тиісті заңнамалық түзетулерді жеделтеуі қажет.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Жаңа Конституция нормаларын іске асыру аясында Үкіметте тағы бір маңызды мәселе көтерілді. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астана мен Алатау қалаларының ерекше мәртебесі енді арнайы конституциялық заңдармен бекітілетінін мәлімдеді. Мәселен, Алатау қаласы болашақта инновация мен технологияның орталығына айналмақ. Мұнда озық халықаралық стандарттар енгізіліп, пилотсыз көліктерді дамыту мен цифрлық активтерді кеңінен қолдану жоспарланып отыр.

Өзгерістер білім беру саласын да қамтиды. Атап айтқанда, білім беру стандарттары қайта қаралып, оқу қоры жаңартылмақ. Оқу бағдарламаларының мазмұны ғана емес, оқулықтардың сапасы да сараптан өтеді.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— 2026 жылы 3, 4, 7, 8, 9-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады. 2027 жылы 1-5 сыныптардың оқулықтары жаңадан басылады. 10, 11-сынып оқулықтарының мазмұны қайта қаралады. 2028 жылы 2 және 6-сыныптарға арналған жаңа оқулықтар жарық көреді.

Жалпы, Үкімет отырысында қаралған бастамалар денсаулық сақтау саласы, құқық қорғау жүйесіне дейінгі барлық бағыттарға әсер етпек. Үкімет басшысы жауапты мекеме басшыларына тиісті заңнамалардың жобасын 15 сәуірге дейін ұсынуды тапсырды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал