Мәжілісте мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі қаралды

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы, демалысы және әлеуметтік пакеті түбегейлі өзгеруі мүмкін. Мәжілісте Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң жобасы қаралды. Депутаттар құжатты бір сағат талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы не ұсынады?
Елде 84 мың мемлекеттік қызметкер бар. Тағы 7 мың орын бос тұр. Бұл жұмысқа ешкім барғысы келмейді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі кеңседегі қызметке маман тартып, оны ұстап қалу үшін заңға бірқатар норма енгізуді ұсынды. Мысалы, жалақыны үш жыл сайын көтеріп, үстеме жұмыс, демалыс пен мереке күндері үшін өтемақы төлеу мәселесі қаралып жатыр. Бұның бәріне 67 млрд теңге керек.

ДАРХАН ЖАЗЫҚБАЙ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— 2029 жылдан бастап индексациялауды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда мемлекеттік жоспарлау жөніндегі өкілетті орган Үкіметке енгізеді. Сол арқылы бекілітеді. Негізінде, Ұлттық экономика министрлігіне қарайтын құзырет. Біздің мақсат – мемлекеттік қызметкерлер жалақысының жеке сектормен бәсекелестікте болуын қамтамасыз ету. Осыған байланысты заңға өзгеріс енгізіп отырмыз.

Еңбек өтілі де назардан тыс қалмаған. Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек еткендердің жалақысы жоғары болады. 25 жылдан астам қызмет еткендерге зейнетке шыққанда төрт айлық көлемінде бір реттік төлем беру ұсынысы заң жобасында бар. Депутат Олжас Құспеков түнге дейін жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің мәселесін сұрады.

ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Барлық мемлекеттік қызметкерлер түнге дейін жұмыс істейді. Кейбіреулер тіпті жұмыста түнейді. Бұл жұмыстың ерекшелігіне және тапсырмалардың жеделдігіне байланысты. Ол қаржы, экономика, әділет және т.б. министрліктер және әкімдіктер. Мелмекеттік қызмет істері агенттігі 2015 жылы мемлекеттік органдарда сағат 18.00-ден кейін барлық жұмыс компьютерлерін өшіруді бастағаны есімде. Алайда бұл артық жұмыс істеу мәселесін шешкен жоқ. Бұл заң жобасы осы мәспелені қалай шешеді?

ДАРХАН ЖАЗЫҚБАЙ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Қазіргі таңда жұмысқа кіріп-шығудың барлығы Е-қызмет жүйесіне тікелей қосылған. Біз сол жерден мониторинг жасап, мемлекеттік органдардың қанша сағат жұыс істеп жатқанын біле аламыз, көп болып жатса, сол мемлекеттік органға барып, тексереміз. Егер ол жерде арнайы бұйрықтар қабылданып, қосымша демалыстар немесе ақы төленетін болса, біз ешқандай ескерту жасамаймыз. Егер ақы төленбесе немесе қосымша демалыс берілмей жатса, сол жердегі меморганның аппарат басшысына әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғауға құқымыз бар.

Мемлекеттік қызметкерлердің есірткі тұтынып немесе мас күйінде көлік жүргізген жағдайлар болды. Заң жобасында мұндай әрекет мемлекеттік қызмет абыройына нұқсан келтіретін өрескел заң бұзушылық ретінде танылады. Осының алдын алу үшін мемлекеттік қызметкерлер міндетті медициналық куәландырудан өтуі тиіс болады.

Шаруа немесе фермер қожалықтарының мүшелері мен жеке кәсіпкерлер мемлекеттік қызметке кірген кезде 6 ай ішінде кәсіпкерлік қызметін тоқтатуға және мүлкін иеліктен шығаруға міндетті болады. Осы кезеңде олар кәсіпкерлікпен айналысуға және өз мүлкін басқаруға құқылы емес. Заң жобасындағы негізгі ұсыныстар осындай. Депутаттар оны бірінші оқылымда мақұлдады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал