Трамп Таяу шығыстағы шиеленістің әзірге аяқталмайтынын айтты

Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстың тоқтайтын түрі жоқ. Керісінше өршіп барады. Осы уақытқа дейін, мыңдаған нысан бүлініп, жүздеген адам опат болды.
Таяу Шығыстағы шиеленістің әзірге шегі көрінбейді. Тараптар бір-бірін тоқтаусыз атқылап жатыр. Осы уақытқа дейін Иранда 60 мыңнан астам азаматтық нысан бүлінген. Олардың 18 мыңға жуығы Тегеранда. Күл-талқаны шыққан ғимараттардың арасында тұрғын үй, мектептер мен ауруханалар бар. Иранның 3 қаласы атқыланды. Израильдің көздегені – үкімет нысандары.

Иран да қарап қалмай, АҚШ пен еврей еліне қарымта қайтаруда. Жүздеген зымыран, мыңдаған дронын жаудырып жатыр. Нысанаға ең көп ілінген мемлекет – Біріккен Араб Әмірліктері. Санға салсақ, бұл елге 1-8 наурыз аралығында бас-аяғы 1668 соққы жасалған. Кеше тағы бір дрон Дубайдағы халықаралық әуежай аумағына құлады.

Ирандағы соғыс қазір сан түрлі салаға кері әсерін тигізіп жатыр. Мейлі мәдениет болсын, мейлі экономика мен экология болсын. Өйткені, сан ғасыр сақталып келген мәдени мұралар қирап жатыр. Жанармай қоймаларына жасалып жатқан соққылардан экологиялық проблема пайда болды. Ал Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалы тұралап, нарықта тұрақсыздық туды.
АББАС АРАКЧИ, ИРАННЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
— Шынын айтсақ, қазіргі таңда Куба – өте әлсіреген мемлекет. Бұл жағдай ұзақ жылдар бойы қалыптасты. Онда өте қатал көшбасшылар болды, олар елді күш пен зорлық арқылы басқарды. Соған қарамастан, кейбіреулер бұрынғы режимге қайта оралуды қалайды.

Қалай дегенмен, қазір тараптар келісімге келуге құлық танытып отырған жоқ. Керісінше, қарулы қақтығыс қарқыны одан сайын үдей түседі деген қауіп бар. Мәселен, араб елдері лигасы Парсы шығанағы елдеріне жасалған шабуылға байланысты әскери альянс құруы мүмкін. Израиль де әуе шабуылын үдетіп жатыр. Бүгін ғана Иранның қауіпсіздік қызметі басшысын аңдып, өлтіргенін мәлімдеді. Трамп та Таяу шығыстағы шиеленістің әзірге аяқталмайтынын айтады. Бұл аздай жуырда Кубаға көзі түсіп отырғанын жеткізді.

ДОНАЛЬ ТРАМП — АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мен Кубаны өз бақылауыма алу мәртебесіне ие боламын деп ойлаймын. Яғни, оны азат етемін бе, әлде бақылауға аламын ба – бәрібір. Мен онымен қалағанымды істей аламын деп ойлаймын. Шынын айтсам, ол –қазір өте әлсіреген мемлекет.

Бұл мәлімдеме халықаралық қоғамдастықта қызу талқыға түсті. Сарапшылар әлемде геосаяси шиеленіс одан сайын өрши түсе ме деп алаңдап отыр. Себебі Ирандағы қарулы қақтығыстың өзі жаһан елдеріне айтарлықтай әсер еткені белгілі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал