Бүгін – Ұлттық киім күні. Елордада осыған орай, ерекше шеру өтті. Ұлттық киім киген зейнеткерлер қала көшелерімен жүріп өтіп, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Аға буын өкілдері осылайша ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастарға өнеге көрсетуді мақсат етеді.
Наурызнаманың «Ұлттық киім күні» аясында зейнеткерлер шеруі өтті. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 70-ге жуық зейнеткері Есіл ауданының негізгі көшелерін ұлттық киімде аралады. Шара ұлттық құндылықтарды насихаттауға, ұрпақ сабақтастығын нығайтуға және аға буын арасында белсенді өмір салтын дәріптеуге бағытталған.
ГҮЛШАТ ӘУБӘКІРОВА, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:
— Есіл ауданының халық жүретін жерлерін, Қазмедиадан бастап, Бәйтерекке дейін аралаймыз. Мақсатымыз – ұлттық киімімізді насихаттап, осы жақсы үрдіске бәрін шақыру. Наурызды Самарқанның көк тасы еріген күн деп, ұлттық киімімізбен, ұлттық нақышымызбен, ұлттық болмысымызбен мерекелеу.
Шеруге қатысушылар камзол, шапан, сәукеле секілді ұлттық киімдердің сан алуан үлгісін киіп, қала тұрғындарының ерекше ықыласына бөленді. Тұрғындар ыстық бауырсақ пен ұлттық тәттілерден де дәм татты. Айта кетейік, іс-шара екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар ұлттық рухты көтеріп қана қоймай, жастарға да үлгі-өнеге болмақ.
Шеру – аға буынның мәдени мұраға деген құрметі мен өмірге деген белсенді көзқарасының жарқын көрінісі. Ұйымдастырушылар мұндай игі бастама алдағы жылдары да жалғасын табатынын айтты.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.