Төтенше жағдайлар саласының техникалық базасы жаңартылып жатыр

Соңғы жылдары төтенше жағдайлар саласының техникалық базасы қарқынды түрде жаңартылып жатыр. Бұл өрт сөндіру және құтқару жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік беруде. Мамандардың айтуынша, нәтижесінде өрт оқиғасы азайған. Мәселен, былтырмен салыстырғанда бұл сан 7 пайыз төмен.
Құтқарушылар үшін әр секунд маңызды. Дабыл қағылғаннан кейін өрт сөндірушілер санаулы минут ішінде бөлімшеден шығып үлгеруі керек. Басты мақсат – адам өмірін аман алып қалу.

Бұл – Астанадағы №23 заманауи өрт сөндіру депосы. Осыдан екі жыл бұрын ашылған нысан өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарына арналған озық техника және құрал-жабдықпен қамтылған. Мәселен, мына өрт сөндіру автоцистерналары қызыл жалынды дер кезінде ауыздықтауға мүмкіндік береді.

ДӘУРЕН МАНАПОВ, ӨСАҚЖ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жоғары қысымда жұмыс атқаратын насос. 120 метр биіктікке шейін жоғары қысым береді. Арнайы ұңғымалары мен жеңдері қарастырылған.

Биік ғимараттарда өрт сөндіруге дрон қолданылады. Құтқару операцияларына қажет қысқыш, ажыратқыш, кескіш, секілді құрал-сайманның да түр-түрі бар. Төтенше жағдай кезінде үйінді астында қалған адамдарды іздестіруге қызметтік ит тартылады. Данияр Жүсіпов осы салада 18 жылдан бері еңбек етеді. Соның соңғы 3 жылын кинология қызметіне арнаған.

ДАНИЯР ЖҮСІПОВ, КИНОЛОГ:
— Бұл ТЖ кезінде адам іздейтін иттер. Департаментте 5 ит бар.
Қалада осындай заманауи 3 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Соңғы жылдары техникалық база жаңартылып келеді. «Бұл өрттің азаюына септігін тигізуде», — дейді мамандар. Былтыр 880 өрт болса, биылғы 3 айда 200 оқиғасы тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда 7 пайыз төмен. 70 адам құтқарылыпты. Қазір құтқарушылар көктемгі су тасқынының алдын алуға атсалысып жатыр.

ӨМІРЖАН ТҰҚЫШЕВ, ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қар шығару, арық-атыздарды және су өткізу құбырларын тазарту жұмыстары қолға алынған.

Мамандардың айтуынша, алдын алу шаралары дер кезінде жүргізілсе, төтенше жағдайдың қаупін едәуір сейілтуге болады. Жыл басынан бері елорданың ТЖД бөлімшелері 3 мыңға жуық шақыртуға барған. Ал былтыр бұл сан 21 мың болыпты.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал