Ұшақта домбыраны қол жүгімен алып жүруге рұқсат берілуі мүмкін

Елімізде мамыр айынан бастап ұшақ бортына музыкалық аспапты алып кіруге рұқсат берілуі мүмкін. Сенат кулуарында Көлік вице-министрі бұл мәселе қазір заңнама деңгейінде реттеліп жатқанын хабарлады. Талғат Ластаев бұған дейін музыкалық аспаптарды тасымалдауға қатысты түрлі жағдайлар тіркелгенін растады. «Сол себепті азаматтық авиация комитеті бірыңғай ереже әзірлеумен айналысып жатыр», — деді.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ
— Азаматтық авиация комитетіне музыкалық аспаптарды, соның ішінде домбыраны тасымалдауды заңнамалық тұрғыда реттеуге тапсырма бердік. Жақын уақытта жолаушыларды, жүкті және багажды тасымалдау ережелеріне тиісті өзгерістер енгіземіз. Онда қандай тәртіппен музыкалық аспапты тасымалдауға болатыны айқын көрсетіледі. Бір айдың ішінде шешім қабылданады деп ойлаймын.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал