Шымкентте 4 млн-нан астам гүл отырғызылып жатыр. Осылайша қала өз рекордын жаңартпақ. Қалың көшет қала көркін ашады деген үміт бар. Қазір мегаполистің басты көшелерінде жұмыс қызу. Бағбандар ала таңнан қас қарайғанға дейін бел жазбай еңбек етуде. Ал осы гүл жаз бойы жайқалып тұра ма әлде былтырғыдай қурап, қыруар қаражат рәсуа бола ма?
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Шымкент өз рекордын жаңартпақ. Биыл қала көшелері мен саябақтарды 4,5 млн-ға жуық жасыл желек әсемдейді. Бұл арқылы мегаполистің экологиялық ахуалы жақсарып, қала одан әрі көркейе түспек. Қазір Шымшаһардың басты көшелерінде гүл егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Өткен жылы қалада 2,5 млн-ға жуық гүл отырғызылған еді, биыл бұл сан шамамен 2 млн-ға ұлғайып отыр. Мегаполис көшелеріне егуге арналған өсімдіктер 2 гектар аумақтағы жылыжайда арнайы өсірілді. Шырайгүл, сәлбен, барқытгүл секілді гүлдер көшені көркемдеп, сәнін келтіреді.
ИСАТӨРЕ АБДУЛЛА, ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Лаванда, пеницетум, мискантус сияқты гүлдер егіліп жатыр. Одан бөлек, жол жиектеріне, қиылыстарына 1 млн бұта мен 1 млн 600 мың көпжылдық гүл отырғызылады.
Өткен жылы біраз гүл мен ағаш аптапқа шыдай алмай, қурап қалған еді. Жауаптылар биыл ондай олқылыққа жол берілмейтінін жеткізді.
ГҮЛНАР ТҰРСЫНҚҰЛОВА, БАҒБАН:
— Күнімен-түнімен тоқтамай істеп жатырмыз. Шымкентте білесіздер, жазда өте ыстық болады, 40 градусқа дейін барады. Гүлдер қурап қалмауы үшін тамшылатып суару шлангтерін қойып жатырмыз.
Рекордтық көрсеткіш қызғалдақтарға да қатысты – биыл қала символына айналған 1 млн 600 мың түп гүл отырғызылды. Тұрғындар күннің күрт суытуы қызғалдақтарға қауіп төндіре ме деп алаңдаған еді. Жауаптылардың айтуынша, әзірге ешқандай шығын жоқ.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазіргі таңда қызғалдақтарды қалпына келтіру бойынша біраз жұмыс атқарылып жатыр. Бұл жұмыстар тоқтамайды. Бұйырса, биыл қаламыз гүлге, жасыл-желекке оранады деп күтіп отырмыз.
Қала кәсіпкерлері де биыл ерекше белсенді. Олардың әрқайсысы көктемде 1000 ағаш отырғызуды мақсат етіп отыр.
БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, КӘСІПКЕР:
— Мың ағаш атты акцияны бастадық. Еңбекші ауданында 180-нен астам кәсіпкер бар. Осы ауданның кәсіпкерлеріне жолдама берсек, қаламыз көркейе түсері анық.
Ал жасыл-желектің жай-күйін алты мердігер ұйым бақылауда ұстайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.