Ауылдан шыққан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әлемдік рекорд орнатты. Петропавлда тұратын ұстаз екі саусақпен турникте 2 минут 7 секунд ілініп тұрған. Сөйтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Анатолий Висельский – ауылдан шыққан қарапайым азамат. Анасының жолын қуған ол қазір қаладағы мектептердің бірінде денешынықтыру пәнінен сабақ береді. Өзі кәсіби спортшы емес. Десе де, екі саусақпен турникке ілініп тұрудан әлемдік рекорд орнатты. Ол 2 минут 7 секунд бойы асылып, италиялық Марчелло Ферридің нәтижесінен асып түсті.
АНАТОЛИЙ ВИСЕЛЬСКИЙ, МҰҒАЛІМ:
— Алғашында әлемдік рекорд 1 мин 23 секунд болған екен. Оны мен бірден жаңарттым. Екі аптадан кейін Гиннес кітабындағы көрсеткішті өзгерттім. Мұндай нәтижеге өмір бойы жасаған дайындықтың арқасында қол жеткіздім. Ауылда үйдің ішінде турник орнатып, әсіресе қыс уақытында інім екеуміз сағаттап жарыса тартылатын едік.
Гиннес рекордттар кітабына ену – ерекше өнері бар кез келген адамның арманы. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Ал екі саусақпен ілініп тұру мүлдем қиын. Терісі жыртылады, ауырады. Яғни мұндай трюкті орындау екінің бірінің қолынан келмейді.
Ұстаздың рекордын қазір шәкірттері де қайталағысы келеді. Ол үшін мектептің бірнеше бұрышына турник орнатылыпты. Оқушылар үзіліс уақытында асылып, бақтарын сынайды.
КҮЛІМКӨЗ СМАИЛОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Рекорд жаңарған соң тренд басталып, қауымдастық құрылды. Яғни уақыт өткен сайын Анатолийге еліктейтіндер көбейіп келеді. Өзге қалалардан, тіпті басқа елденде азаматтар байланысқа шығып, біздің әріптесті әлі жеңе алмай жатыр. Мектеп оқушылары да осы спортқа бет бұрды. Қазір дәлізге жаппай турник іліп қойдық. Балалар бос кезінде бәстесіп, спортпен шұғылдана бастады.
Анатолийдің ендігі арманы 4 саусақпен тартылып, рекорд жаңарту. Әзір оның бұл өнерін ешкім қайталай алмай жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.