Арыста бірнеше жігіт 500 тг үшін сатушыны соққыға жыққан

Арыс қаласында бірнеше жігіт 500 теңге үшін сатушыны соққыға жығып, дүкенді қиратып кетті. Екі жігіт дүкеннен темекі алу үшін ескі купюрамен төлемек болған. Сатушы ескі ақшаны қабылдамайтынын айтқан соң, әлгі жігіттің біреуі өзімен бірге 10 ер адамды ертіп келіпті. Сөйтіп, сатушы мен оның інісін аяусыз соққыға жыққан. Полиция әуелі арызды алмай әлекке салған. Жәбірленушілердің айтуынша, құзырлы орган іске бес күннен кейін ғана кіріскен. Әзірге төбелес шығарғандардың екеуі қамауға алынған. Зардап шеккендер бұзақылардың барлығы жауапқа тартылсын деп отыр. Сондай-ақ денсаулыққа зиян келтіру бабымен де қылмыстық іс қозғауды сұрайды.
АЛМАСБЕК ӘЛІПБАЙТЕГІ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Ол ақша қазір жарамайды. Сендерден алып, басқа адамдарға бере алмаймын деп түсіндіріп жатсам, «қалай сонда алмайды?» деп ұрыс-керіс бастады. «Қазір ағаларымызды шақырып келіп, бетіңді таптап кетеміз», — деді.

МҰХТАР СЕЙДІЛДАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шаралары барысында оқиғаға қатысушылар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта «бұзақылық» яғни «адамдар тобымен жасалған қылмыс» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал