Алатау қаласында инвестор қаптап, құрылыс жанданатын күн жақын. Қос палатаның бірлескен отырысында Мәжіліс пен Сенат депутаттары «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Арнаулы мәртебе Алатау қаласына не береді?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Алатау қаласының жобасын Қанат Бозымбаев бастаған команда Қытайдың Хайнань мен Шыңжаң, Оңтүстік Кореяның Сэнджон мен Сонгдо, сондай-ақ Сингапур, Дубай мен Доха қалаларының тәжірибесіне қарап жасап жатыр. «Дымы жоқ жерде пайда болған, бүгінде жарқ-жұрқ етіп жарқырап, әлемге үлгі болып отырған осы шаһарлардан ең жақсы, бізге ыңғайлы тұсын алдық», — дейді жоба авторы. Егер жаңа қала тұрғызу ісі ойдағыдай жүзеге асса, елде алғашқы цифрлық қала пайда болады. Сарапшылардың болжамы бойынша, 25 жылдан кейін оның экономикасы 50 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.
Бірақ әуелі заңды реттеп алу керек. «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» заң қабылданса, Алатау баурайындағы шағын қала өз заңымен өмір сүреді. Оның арнайы құқықтық режимі болады. Бизнес ашу жеңілдейді, инвестор тарту артады.
Инвесторлар қазір Алатауға 1,8 трлн теңге құюға дайын. Оларға берілетін жер мәселесі заңда қалай реттелетінін вице-премьер айтып берді. Учаскелер тек нақты жобаға беріледі. «Аламын да, бос ұстаймын» дегенге жол жоқ. Әрбір жер телімі инвестиция мен жұмыс орнына айналуы тиіс.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Алатау қаласында барлық инвесторға, оның ішінде шетелдік инвесторларға да жер учаскелері тек нақты инвестициялық жобаларды іске асыруға үшін, бизнес лицензия үшін жалға немесе басқа түрде беріледі. Оның ішінде міндеттемелер болады, егер екі жыл ішінде сол жерге зауыт, фабрика немесе университет, қонақ үй салмаса, оған айыппұл салынады. Егер тағы екі жылдан кейін даму болмаса, жер қайтарылады.
Үкіметтің Алатау қаласында жылына жоқ дегенде 3 млн шаршы метр нысан тұрғызу жоспары бар. Мектеп, балабақша, аурухана, емханалар елдің құрылыс нормасына сай типтік үлгіде салынады. Ал заманауи нысандар халықаралық стандарттар бойынша тұрғызылады. «Құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігіне инженер-жобалаушылар басымен жауап береді», — деді Қанат Бозымбаев. Ал кімге қандай салық жеңілдіктері берілетіні жақын уақытта жарияланады.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Преференциялар тек басым салалар үшін ғана беріледі. Кез келген салаға берілмейді. Алатау қаласының стратегиялық құжаттарында бұл салалар бекітіледі. Осы 2-3 айдың ішінде тиісті стратегия шығады. Оның ішінде тиісті салаларды анықтап, оны ашық жариялаймыз.
Алатаудағы әлеуметтік нысандар: балабақша мен мектеп, аурухана мен емхана ел заңына сәйкес жұмыс істейді. Бірақ шетелдік инвестор салып берген нысанның өз тәртібі болады.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Алатау ғажайып қаласында еліміздегі ең алғашқы аэротакси жүреді. Қашан екені нақты айтылған жоқ. Қалада аэротакси қонатын арнайы квадропорттар салынады. Сонда Алатауға ұшып келген турист әуежайға қонғаннан кейін, бірден аэротаксимен Медеуге немесе Қапшағай жағалауына ұшып бара алады.
Вице-премьердің айтуынша, он шақты аэротакси алдағы екі жылда америкалық Joby компаниясынан сатып алынады. Ұшқышсыз апараттар жолаушыны да, жүкті де таси алады. Әуетакси елге әлі жеткізілмесе де, билік оның ұшып-қону кестесін жасауға кіріскен.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.