Әкімшілік рақымшылық: кімнің қандай айыппұлы кешіріледі?

Жыл басынан бері ел бюджетінің салық түсімдері 3,6 триллион теңгеге жетті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 900 миллиард теңгеге артық. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов осылай мәлімдеді. Парламент Палаталарының бірлескен отырысы аясында кулуарда тағы қандай мәселе көтерілді?

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
– Бірер минуттардан кейін Үкімет үйінде қос палатаның бірлескен отырысы өтеді. Дәл осы кулуарда ресми жиын басталмай тұрып алғашқы пікірлер айтылады Ал әзірге мұнда қарбалас байқалмайды. Қазір бұл жер адамға лық толады. Депутаттар мен министрлерге маңызды мәселелер бойынша көкейдегі сауалдарымызды қоятын боламыз.

Кулуарда біз спикерлерді жол-жөнекей тоқтатып, ең өзекті сұрақтарға жауап алуға тырыстық. Биыл ел тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізу ұсынылып отыр. Бұл тізімге мас күйінде көлік жүргізіп, куәлігінен айырылған азаматтар кіре ме?

Депутаттың айтуынша, бұл – әзірге талқылауды қажет ететін мәселе.

ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдай болады. Әр қайсысы жеке-жеке қаралатын мәселе деп ойлаймын. Рақымшылық жасау шешімі қабылдаып жатса, әрине, азамат ретінде қолдаймыз.

МАРАТ ҚОЖАЕВ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
– Әкімшілік құқықбұзушылық тек жол ережесін бұзумен шектелмейді. Оған экология, тыныштықты бұзу, тұрмыстық тәртіп, тіпті салық саласындағы кейбір заңбұзушылықтар да кіреді. Қай санаттарға рақымшылық қолданылатынын айту әлі ерте.

Кулуарда саяси тақырыптар да қозғалды. Депутаттар алдағы сайлауға қатысты жоспарларымен бөлісті. Мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров өз кандидатурасын ұсынуға ниетті екенін жеткізді.

АЙДАРБЕК ҚОЖАНАЗАРОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Ұсынамыз, жеңуге де тырысамыз. Бірқатар шара өткізіп жатырмыз, дайындалып жатырмыз. Бірнеше айдың ішінде съезд өткіземіз.

Ал депутат Асхат Аймағамбетов бастаған топ қазіргі таңда басты назарды заң жобаларына аударған.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Біздің комитеттің қоржынында 20 заң жобасы бар. Осы 20 заң жобасымен жұмыс істеп жатырмыз. Конституциялық жаңа заң жобалары келіп түседі. Алдымызда тұрған мәселелерді дер кезінде шешу керек.

Мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне өзгерістер енгізу мәселесіне қатысты сұрақтар да жолданды. 30 тамыз – Конституция күні енді жұмыс күніне айналуы ықтимал. Себебі 1 шілдеден бастап жаңа негізгі заң күшіне енеді.

НИКИТА ШАТАЛОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Әрине, жұмыс күндеріне қайта есептеу жүргізіледі. Барлығы өзгереді. Бұл жерде үлкен мәселе көріп тұрған жоқпын. Сыйақылар да соған қарай реттеледі.

Ал қаржы вице-министрінің айтуынша, жыл басынан бері республикалық бюджетке түскен салық түсімдері 3,5 триллион теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 900 миллиард теңгеге артық.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал