СҚО-да тасқынның алдын алу үшін көмекке әскерилер жетті

Солтүстік Қазақстан облысында тасқынның алдын алу үшін көмекке әскерилер жетті. Алматы облысынан барған 100 сарбаз Қызылжар ауданы мен Петропавлда қарғын сумен күрес шараларына жұмылдырылды. Қазір олар елді мекендерден қар шығарып, арықтарды тазартып жатыр. Қорғаныс бөгеттерін нығайту және инертті материалдарды әзірлеуге де атсалысуда. Бүгінде аймақта күн жылынып, қауіп артты. Сондықтан арнайы штаб құрылып, мамандар тәуліктік жұмыс кестесіне көшті. Екі мыңнан астам адамнан құралған жедел әрекет ету тобы жасақталған. Ал инженерлер су айдындарында мұз жару жұмысын жүргізуде. Жалпы облыста 112 ауыл бақылауға алынған.
ЖАСЛАН ХАМИТОВ, БАТАЛЬОН КОМАНДИРІ:
— Әскери бөлімнен 100 адам және 8 техника келді, жүзу қайығымыз бар. Жылда осы аумақта су алу жағдайы болғандықтан және осы қыста қар көп түскен себептен алдын алу жұмыстарын өткізуге келдік. Қардың бәрі еріп, жер кеуіп, барлығы жақсы болғанша, осы жұмыстарды атқарамыз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал