Бүгін Ұлттық спорт күні. Наурызнаманың онкүндігі аясында елордада ерекше шара ұйымдастырылды. Қалық көрермен ат үстіндегі тартысты ойындарды тамашалап, ұлттық дәстүрдің көркем көрінісіне куә болды.
ДИАНА ОРЫНТАЙ, ТІЛШІ:
— Елордада Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық спорт түрлерінен ерекше көрсетілім өтуде. Арғымақ ат спорты клубында қазақтың төл ойындары қайта жаңғырып, көрерменге ұсынылды. Мұнда Қыз қуу, Аударыспақ, Көкпар және Теңге ілу секілді ат үстіндегі сайыстар ұйымдастырылды.
ӘДІЛХАН ТӨКЕНОВ, «АРҒЫМАҚ» АТ СПОРТ КЛУБЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:
— Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында ұжымымызбен осындай іс-шара өткізуге шешім қабылдадық.
Қазақтың қанына сіңген ат спортын тамашалауға келген көрермен де көп болды. Әсіресе Қыз қуу ойынында шабандоздардың шеберлігі мен сәйгүліктердің жүйріктігіне тәнті болған жұртшылық оны ерекше жігермен, зор ықыласпен тамашалады. Ал Көкпар ат үстіндегі айла мен күштің үйлесімі көрініс тапқан тартысқа толы додаға айналды.
Алаңда халықаралық сайыс жеңімпаздары да өнер көрсетті. Шара барысында жиналған қауым арқан тартысып, арқа-жарқа болды. Көрермен Ұлттық спорт күніне арналған бұл шараны тегін тамашалады. Ал ұйымдастырушылар бастама игі дәрстүрге айналатынын айтады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.