Оралда жасанды интелект пен ұлттық ойындарды біріктірген робототехника жарысы өтті

Оралда жасанды интелект пен ұлттық ойындарды біріктірген ерекше робототехника жарысы өтті. Мұнда құлтемірлер қазақтың дәстүрлі ойындарын заманауи технология көмегімен орындады.
Роботтар сайысы екі категориядан тұрады. Кіші топтар арқан тартысып, асық атады. Ал ересектері қыз қуу мен ақсүйектен шеберліктерін сынайды.

Асық ату, арқан тартыс, қыз қуу және ақсүйек сияқты ұлттық ойындармен бәріміз де бала күннен таныспыз. Ес жиғаннан жүйрік аттың шабысына, білекті, епті азаматтардың өнеріне тәнті болып өстік. Ал бүгін олардың орнын роботтар ауыстырды.
ӘБІЛХАЙЫР МЕҢДӘЛІ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
— Қыз қуу сайысына қатысайын деп тұрмын. Мен бұл роботты ЭВ-3 және басқа бөлшектерден құрап істедім. Мұның бағдарламасын да өзім жаздым.

Бұл жерде жарыстың белгіленген ережесін бұзсаң немесе мүлт кетсең, қарсыласыңның шаңын қауып қаласың. Сондықтан сайыстың барлық түрі бойынша бәсекелестік басым.

МИРАС БАЙТЕМІРОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
— Дайындық өте жақсы. Бұл ұйымдастырылып жатқан жарыстың деңгейі өте жоғары. Басқа аудандардан мықты-мықты адамдарды шақыртқан. Қарсыластарыма сәттілік, өзіме жеңіс тілеймін.

АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Роботтар ұлттық ойын түрлерінен өздерінің шеберліктерін көрсетті. Атап айтсақ, қыз қуу, асық ату, арқан тартыс және ақсүйек ойындары бойынша олар мықты дайындалып келіпті. Барлығы 43 командадан 84 жас технолог бүгінгі жарыста өздерінің роботтарын басқарып, үлкен додаға түсті. Олардың арасында жеңімпаз атанғандар қазан айында Республикада өтетін жарыста облыс намысын қорғауға жолдама алады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал