Алматы облысының Қарасай ауданында киіз үйдің сан түрін жасаумен айналысатын шебер тұрады. Қазақ үйлерді нағыз транформерге балайтын ол жұмыс барысында сапалы ағаш пен ақ түсті киізді пайдаланады. Сұраныс бойынша жасалатын темір кергелі үйлері де бар. Қолөнер шебері соңғы кездері панорамалы киіз үй үлгілерін де жасай бастаған.
Марат Бексұлтановтың қазақы киіз үй жасаумен айналыса бастағанына он жыл болды. Оның негізгі мамандығы – радиобайланысшы. Бірақ ұлттық қолөнерді дамытуға деген құштарлығы ерекше. Ол өз шеберханасында киіз үйдің түр-түрін жасайды. Сапалы ағаш пен ақ киізден жасалған ақшаңқан үйлер көздің жауын алады.
МАРАТ БЕКСҰЛТАНОВ, КӘСІПКЕР:
— Киіз де төрт бөліктен тұрады. Туырлық, үзік, түндік, есік. Керегелерден түсіп тұратын түскиіз, шаңырақтан түсіп тұратын шашақтар, басқұр, иінбау, желбау деп аталатын жіптері бар. Сосын әдемі етіп көрсететін қазақы нақыштағы оюлар болады.
Киіз үйдің ағаш қаңқасы мен үзік туырлық, түндік және киіз жамылғысынан бөлек, оның іші де қарабайыр болмауы керек. Ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен байытылса, оған деген сұраныс арта түседі.
БАҒДАГҮЛ МАКЕБАЕВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:
— Көзге бірден түсу үшін әртүрлі түспен жасап жатырмын. Көз тимесін, көзден, тілден сақтасын деген наным ғой.
Киіз үйлердің диаметірі тапсырыс берушінің қалауына сай жасалады. Бір қазақ үйді құрастыруға шамамен 4-5 күн кетеді. Шебердің айтуынша, қазір қабырғасы жылытқыш панелдерден жасалған панорамалы үйлерге деген сұраныс жоғары. «Ақылды киіз үй» жобасын жары екеуі әзірлеген.
АИДА ЕЛГЕЗЕКОВА, М. БЕКСҰЛТАНОВТЫҢ ЖАРЫ:
— Бұл біздің қиялымыздан туындаған үй деп айтсам болады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, өте жарық. Бәрі бір пультпен басқарылады. Терезе, перде, шаңырақ бәрі автоматтандырылған. Пультпен ашылып, жабылады. Ауа алмасады. Ал жарық күн сәулесі арқылы жанады.
Марат Бексұлтанов көне сандық пен кебежелерді жинауды әдетке айналдырған. Оның коллекциясында қазір осындай 90-ға жуық бұйым бар. «Ал қазақ үйдің орны бөлек. Күн шаңырақты киіз үй алты алашқа қашан да қасиетті. Ол бұрынғы ата-бабаларымыздың ақыл-ой деңгейі тым биікте болғанын білдіреді», — дейді қолөнер шебері.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.