Параспортшылар жайлы «Ерекше» фильмінің тұсауы кесілді

Елордада жаңа туындының тұсауы кесілді. Туындының жанры да, атауы да ерекше. Картина Қазақстан бочча федерациясының қолдауымен және серіктестердің демеуімен түсірілген.

Жоба ерекше спортшылардың қалай өмір сүріп, немен айналысатынын көрсету мақсатында жүзеге асқан. Фильмдегі басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова және Расул Бауыржан сомдады. Кәсіби актерлермен қатар боччамен айналысатын параспортшылар да өнер көрсетті.

ЖАСҰЛАН КӨПБЕРГЕН, АКТЕР:
– «Ерекше» киносында басты кейіпкерді сомдадым. Өте жылы кино болады деп ойлаймыз. Адамдарға берері көп. Ең бірінші сенімдеріңізге рақмет. Сенім ақталды деп ойлаймын. Әрине, бағасын көрермен береді.

Алдын ала көрсетілімге Сенат Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев бастаған Палата депутаттары қатысты.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ:
– Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үнемі назар аударып келеді. Осы бағыттағы ең үлкен сұрақтардың бірі – адамдардың, қоғамның көзқарасын өзгерту.

Фильмді 19 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрынан тамашалай аласыздар. Айта кетейік, Kinopark кинотеатрлар желісіндегі фильм прокатынан түскен барлық қаражат мүгедектігі бар балаларды қолдауға бағытталады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал