Жол апатына себеп болған Zeekr жүргізушісі көше жарысына қатысқан ба?

Алматыда болған жантүршігерлік жол апатынан кейін қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Оқиғаның басты күдіктісі – Zeekr маркалы көлік жүргізушісі. Ол жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Mercedes-те бір жігіт пен екі қыз болған. Олар оқиға орнында көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа себеп болуы мүмкін жүргізуші аман қалған. Алматы тұрғындарының айтуынша, ол заңсыз автожарысқа қатысқан болуы ықтимал. Айта кетейік, кеше дәл осы әл-Фараби даңғылында тағы ауыр жол апаты болып, бір әйел қаза тапты.
Әл-Фараби даңғылында 3 адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік апат елді елең еткізді. Өйткені жайбарақат келе жатқан Mercedes көлігіне кенеттен Zeekr маркалы автокөлік бетпе-бет келген. Қайғылы оқиға құрбандарының өмірінің соңғы сәттері әлеуметтік желіге тарап кетті. Онда оқиға орнына асыға жеткен сол маңдағы адамдарды көруге болады. Бірақ темір металоломға айналған көліктегі жолаушыларға көмектесу мүмкін болмады.
Қайғылы жағдайдан кейін қазақстандық интернет кеңістігінде түрлі болжам тарай бастады. Соның бірі бойынша, Zeekr жүргізушісі көше жарысына қатысқан болуы мүмкін. Полиция бұл резонансты оқиғадан кейін жолдардағы бақылауды күшейтті. Құқық қорғау органдары айналма жолдарда заңсыз жарыстардың шынымен өтетініне көздері жетті.Тіпті бір жүргізуші әл-Фараби бойымен сағатына 250 шақырым жылдамдықпен ұшып келе жатып, жол полициясы назарына іліккен. Ол 10 тәулікке қамалды. Полицияның айтуынша, адам өліміне әкелген жол апатына кінәлілер де жазасыз қалмайды.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Аталмыш дерек бойынша Алматы қаласы ПД анықтау басқармасымен Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу жүргізілуде. Барлық тиісті сараптама тағайындалды. Zeekr автокөлігінің жүргізушісі күдікті болып танылды. Ол денсаулығына байланысты жансақтау бөлімінде жатыр. Емханадан шыққан сәтте міндетті түрде қамауға алынады.
Полицияның айтуынша, бір емес бірнеше адамның өліміне әкеп соқтырған жағдай – ауыр қылмыс. Және де жол апатына себепкер көліктердің өзара жылдамдықты асырып, жарысқаны анық болды. Бұл жарысқа қатысқан тағы екі автокөлік анықталып, айыптұрағына қойылған. Осы қанды оқиғадан кейін тәртіп сақшылары жол қозғалысын ерекше қадағалауға кіріскен. Бірнеше күн ішінде полицейлер 43 мас жүргізушіні ұстаса, 400-ге жуық адам көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Ал жылдамдықты асырған екі мыңнан астам жүргізуші анықталыпты. «Көп жағдайда мұндай «жарысатындар» әлеуметтік желіге видео жүктеу және адреналин үшін жасайды. Сондықтан мұндайларға жаза да қатаң болуға тиіс», — дейді сарапшылар.
ЭДУАРД ЭДОКОВ, ТӘУЕЛСІЗ АВТОМОБИЛЬДЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Жазаның қатаң болуын қамтамасыз ету керек. Яғни, мұндай құқық бұзушылықтарға өте қатаң реакция болуы тиіс. Тіпті қамауға алу, көлікті айып тұрағына қою, жүргізуші куәлігінен барынша айыру сияқты шаралар қолданылуы қажет. Әттең, сол жерде жол бөлгіш болғанда, Zeekr басқа жаққа ұшып кетер еді, ал бұл қыздар мен жүргізуші тірі қалар еді.

Қалалық полиция департаментінің басшысы тұрғындармен кездесу барысында Zeekr жүргізушісінің қан талдауының нәтижелері әлі дайын емес екенін айтты. Кейбір дереккөздер көлік шынымен басқа автокөлікпен жарысқа қатысқан болуы мүмкін, әрі оған жоғары лауазымды полицейдің қатысы бар деген болжам бар. Қазіргі уақытта полиция департаментінің ішінде қызметтік тексеріс жүргізілуде. «Қызметкерлердің әрекетіне құқықтық баға беріліп, кінәсі дәлелденсе, олар да жауапкершілікке тартылады», — деді Айдын Қабдулдинов.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал