Шахтинскідегі көпқабатты үйде болған жарылысқа сіріңке себеп болуы мүмкін

Қарағандының Шахтинск қаласында болған газ жарылысынан зардап шеккендердің бірі әлі де жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл – күдіктінің өзі, оның денесінің 30 пайызы күйіп қалған. Ол полицияның бақылауымен ем қабылдап жатыр. Күдіктіге бірнеше бап бойынша айып тағылған.
Төртінші қабаттағы екі бөлмелі пәтерде газ жарылысынан кейін түк қалмаған. Терезе де, жиһаз да, заттар да жоқ. 40 жастағы ер адам бұл жерде жасөспірім қызымен бірге тұрған. Жұбайы ақпан айында сырқаттан қайтыс болған. Көршілердің айтуынша, дәл осы жағдай оқиғаға себеп болуы мүмкін. Ер адам қайғыны көтере алмаған деседі. 23 наурызға қараған түні полицияны қызы шақырған.

ГАЛИНА АФОНИЧЕВА:
— Қызы оны тоқтатуға тырысты, ол секіріп кетемін деп қорқытты. Қызы «өзіңді қолға ал» деп жалынды. Бәрі абыр-сабыр. Бесінші қабатта екі адам сыртқа шыға алмай қалған, бәрі абдырап қалды. Көршіме не көрінгенін білмеймін.

Бірақ ер адам алған бетінен қайтпаған. Куәгерлердің айтуынша, ол газ баллонын ашып, үйді жарып жіберемін деп қорқытқан. Айтқанын істеді. Сіріңке жағып, арты жарылысқа ұласты. Айта кету керек, сол сәтке дейін көршілер газдың иісін сезіп үлгеріп, полицияға хабар берген, тұрғындарды эвакуациялау басталған. Соған қарамастан, зардап шеккендер бар: бес полиция қызметкері күйік пен жарақат алған. Өз пәтерін жарып жібергеннен кейін күдікті көрші пәтердегі зейнеткер әйелдің үйіне кіріп, оны далаға шығарып жіберген. Оның да пәтерін жармақ болған. Бірақ үлгермеді. Ұсталды.

Жарылыс салдарынан екі тұрғын, бес полицей және өзін-өзі өлтірмек болған ер адам зардап шекті. Ең ауыр күйікті сол алды, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның қасында тәулік бойы полиция қызметкерлері күзетте. Қалғандары бүгін бөлімшеге ауыстырылды.

БЕРІК ТӨЛЕУБАЕВ, Х. МАҚАЖАНОВ АТЫНДАҒЫ АУРУХАНАНЫҢ ТРАВМАТОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Қазіргі кезде сегіз науқас ауруханада жатыр, бір науқас жансақтау бөлімшесінде, қалған науқастар бөлімшеде жатыр. Жағдайлары тұрақты, ем шаралар алып жатыр.

Полиция бұл дерек бойынша «қасақана өрт қою» және тағы бірнеше баппен қылмыстық іс қозғады. Көпқабатты үйде қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Тұрғындарға жаңа есік пен терезе орнатуға әкімдік көмектескен. Қазір жұрт су тиген қабырғаларды кептіріп, жөндеу жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал