Иран Ормуз бұғазынан достық қарым-қатынастағы елдерге өтуге рұқсат берді

Иран әлемдік мұнай тасымалындағы негізгі дәліздерінің бірі – Ормуз бұғазын ашқанымен, оны тек өзіне жақын елдер үшін ғана қолжетімді етті. Ал АҚШ пен Израиль үшін бұл бағыт жабық күйінде қалып отыр. Сарапшылар мұндай шектеулер жаһандық мұнай нарығына әсер етуі мүмкін екенін айтады. Бұған қоса, Тегеран тағы бір маңызды теңіз жолын жабуы ықтимал деген қауіп те бар.
Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалының негізгі күретамыры. Бұл дәліз арқылы күн сайын әлемдік мұнайдың шамамен 30 пайызы өтеді. Қазір бұғаз ашылғанымен, Иран тек өзімен достық қарым-қатынастағы елдерге ғана өтуге рұқсат беріп отыр. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Үндістан, Ирак және Пәкістан бар. Ал қалған мемлекеттер үшін шектеу сақталады. Әсіресе АҚШ пен Израиль үшін бұл бағыт жабық.

АББАС АРАКЧИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
«Біз достық қарым-қатынастағы бірнеше елге Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат бердік. Әзірге қарсыластарымызға бұл бұғазды пайдалануға мүмкіндік берудің мағынасын көріп тұрған жоқпыз».

Ал Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздерге қатысты қарама-қайшы ақпарат тарауда. Тегеран ресми түрде Вашингтонмен келіссөз жүріп жатқанын жоққа шығарды.

ЖӘНІБЕК КӨПЖАСАР, ИРАНТАНУШЫ:
— АҚШ пен Иран арасындағы келісімді айтсақ, бұл тек АҚШ жағынан болып тұрған біртарапты ғана мәлімдемелер. Себебі АҚШ Президенті Трамп өзі ғана айтып отыр. Ирандықтар бізге шығып жатыр, біз келіссөз жүргізіп жатырмыз деп. Иранның Сыртқы істер министрі Арбас Аракчи мәлімдеме жасады. Осы мәлімдемесінде де АҚШ-пен ешқандай келісім болып жатқан жоқ деп, оны да жоққа шығарды.

Бұл шиеленістегі мұнай бағасының өзгерісі халықаралық саудаға міндетті түрде әсерін тигізеді. Ал бұдан басқа Қазақстанға саяси қауіп бар ма? Сарапшыдан сұрап көрдік.

ЖАНГЕЛДІ ШЫМШЫҚОВ, ЭКОНОМИСТ:
— Тікелей қарастыратын болсақ, сыртқы істер жағдайында бізде Иранмен ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Каспий теңізін бөлу барысында да біржақты шешімге келген кезде ешқандай қайшылық болған жоқ. Израильмен арамызда қарама-қайшылық жоқ, өйткені біз көпвекторлы саясат ұстанамыз.

Ал бұнымен қоймай, егер жағдай одан әрі ушыға түссе, Тегеран тағы бір маңызды теңіз дәлізі – Баб-эль-Мандеб бұғазын жабуы мүмкін екенін де ескертті. Бұл әлемдік сауда жолдарына елеулі соққы болмақ. Жалпы Таяу Шығыстағы өзгерістер жаһандық тұрақтылыққа әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып қала бермек. Бұл үдерістер әлемдік нарыққа да, өңірлік саясатқа да ықпал етпей қоймайды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал