Еліміздің солтүстігінде тасқыннан келер қауіп сейілді. Гидрологтардың болжамы бойынша, өңірде жағдай тұрақты. «Сергеев» су қоймасы әзір 96 процентке толып тұр. Ал былтырғы жылы бұл кезде мұнда су ернеуінен асып, бір метрге дейін көтерілген болатын. Аймақта соңғы күндері күн айтарлықтай жылынып, қардың жартысынан астамы еріді. Дегенмен өзен-көлдерде мұздың көбесі әлі сегіле қойған жоқ. Сондықтан мамандар қауіпті деген аумақтарға аэровизуалды мониторинг жүргізіп, жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Петропавлдың бірнеше ауданында жедел әрекет ету штабы құрылды. Ал осы күнге дейін елді мекендерден 900 мың текше метрден астам қар сыртқа шығарылды.
ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Басты гидрологиялық болжам бойынша биыл «Сергеев» қоймасына 2,6 миллиард текше метр су келеді деп жоспарланып отыр. Егер былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, бұл 26 процентке аз. Қазір қардың аймақта жаппай еруі байқалады. Сондықтан алдағы уақытта өңірде бірнеше жол учаскесіне су жайылуы ықтимал.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.