Енді алимент автоматты түрде өндіріледі

Енді қазақстандықтар шетелде жүрсе де, алимент төлеуден жалтара алмайды. Сенатта алимент өндіруді жеңілдететін құжат ратификацияланды. Яғни, бұдан былай алимент автоматты түрде өндіріледі. Бұрын ол үшін міндетті түрде соттың толық шешімі қажет болатын. Ал халықаралық деңгейде сот бұйрығы да мойындалады.
Өзге мемлекетте еңбек етіп, шаңырақ көтерген отандастарымыз көп. Бірақ ажырасып жатқандары да ез емес. Соған байланысты трансшекаралық отбасылық даулар қазір өзекті мәселеге айналып отыр. Әділет вице-министрінің мәліметінше, шетелде жүрген алиментшілердің балалары алдындағы борышы 47 млн теңгеден асады.

ДАНИЕЛ ВАИСОВ, ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Бүгінде 106 атқарушылық іс жүргізу бар. Жалпы берешек көлемі шамамен 40 миллион теңгеден асады. Оның ішінде Ресей Федерациясынан 73 құжат – 32 миллион теңге, Өзбекстаннан 24 құжат – 1,9 миллион теңге. Былтыр министрлікке шетел соттарының шешімдерін тану бойынша 12 өтініш түсті. Қазір олар Жоғары сотта қаралып жатыр.

Сенаторлар осы түйткілге қатысты халықаралық келісімді талқылады. Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы конвенцияларға өзгерістер енгізілмек. Жаңа құжат мемлекетаралық деңгейде алимент өндіру рәсімін жеңілдетуге бағытталған. Айта кетейік, қазір Қазақстанның 17 елмен келісімі бар. Енді бұл тізім кеңейіп, оған ТМД елдері де қосылып отыр. Жаңа құжатқа сәйкес, егер борышкер осы мемлекеттердің бірінде жүрсе, Қазақстан сотының алимент өндіру туралы шешімі сол елдерде де орындалады. Құжат түскеннен кейін 15 күн ішінде тиісті органдар шешім қабылдап, қарызды өндіріп алу процесін бастауға тиіс. Алайда мемлекетаралық деректер алмасу мәселесі алаңдаушылық туғызады. Сенаторлар бұл бағытта нақты қандай шаралар қарастырылатынын сұрады.

БИБІГҮЛ ЖЕКСЕНБАЙ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
— Борышкерлердің активтерін ТМД елдері аумағында іздестіру және анықтау процесін Қазақстан үшін қолжетімді ету үшін қандай нақты шаралар бар? Біз қандай технологиялық және құқықтық дайындықтар жасай аламыз?

ДАНИЕЛ ВАИСОВ, ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Қазір бұл мәселе келісу сатысында. Деректер алмасу бойынша хаттамаларды ратификациялау жүріп жатыр. Электронды құжаттарды қолдану аясы кеңейеді. Ал ТМД елдері арасындағы деректер базасын толық біріктіру мәселесі қаралып жатқан жоқ. 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинетінде цифрлық ассистент енгізілді. Сонымен қатар шетелде жүрген борышкерлерді іздеу үшін Бас прокуратура базаларымен интеграция мәселесі қарастырылып жатыр. Ал атқарушылқ құжаттарды ТМД аумағында орындау осы мемлекеттің заңнамасы аясында іске асады.

Вице-министр Даниел Ваисовтың мәліметінше, бүгінде елімізде қарызы қордаланған борышкер үлесі шамамен 6 пайыз. Маманның айтуынша, бұл дерек бірнеше жалдан бері өзгермей отыр. Ал алимент міндеттемелерінің басым бөлігі Қазақстан аумағында ғана орындалып жатыр. Сондықтан бүгін мақұлданған жаңа құжат шетелде жүрген борышкерлердің жауапкершілігін арттырып, балалардың құқығын халықаралық деңгейде қорғауды күшейтпек.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал