Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов «Барыс» орденімен марапатталды

XIV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов III дәрежелі «Барыс» орденіне лайықты деп танылды. Жаһандық бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған спортшыны Мемлекет басшысы марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өткен халықаралық доданың Қазақстан үшін аса нәтижелі болғанын атап өтті. Ербол Хамитов бұл ойындарда бір алтын, бір қола жүлде жеңіп алған болатын. Соның арқасында біздің ел құрамасы командалық есепте 18-орыннан көрінді. Ерболмен бірге оның жаттықтырушыларына «Парасат» және «Құрмет» ордендері табысталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Әлемдік дода еліміз үшін өте табысты болды. Жаһандық бәсекеде отандасымыз Ербол Хамитов алтын және қола медаль жеңіп алды. Нағыз чемпион атанып, еліміздің мерейін үстем етті, көк Туымызды биікте желбіретті. Бұл – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік. Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан, ең алдымен, саған және бапкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін.

ЕРБОЛ ХАМИТОВ, ПАРАЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ:
— Осы Паралимпиадаға аттанған кезде сіз маған мемлекеттік Туды тапсырып, сенім артып, ақ жол тіледіңіз. Паралимпиада ойындары мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Сіздің қолдауыңызбен жеңіске жеттік. Бұған мамандардың және бапкерлердің сіңірген еңбегі зор. Сіздің қолдауыңыз әр спортшыға күш-қуат береді. Біз мұнымен тоқтамаймыз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал