Қостанайда Қазақстандағы дипломы бар санаулы шөптанушылардың бірі Анастасия Кравченко тұрады. Ол ботаникаға деген қызығушылығын отбасындағы шөп шайға деген сүйіспеншіліктен бастаған. Уақыт өте келе бұл әуестік кәсібіне айналып, ол шөп және шай қоспаларын өндірумен айналыса бастады. Бүгінде шөптанушы көне әрі күрделі кәсіпті терең меңгеруді мақсат етіп, бұл істі кәсіби түрде жалғастыруға ниетті.
Көпшілік бағбан маусымға енді ғана дайындалып жатқанда, Анастасия Кравченко қазірдің өзінде қызған шаққа жеткен. Қазіргі күн тәртібінде қылқан жапырақты гидролат бар. Бұл – өсімдікті бу арқылы айдау нәтижесінде алынатын гүлді немесе шөпті судың атауы. Оны осындай күрделі құрылғының көмегімен дайындайды.
АНАСТАСИЯ КРАВЧЕНКО, ШӨПТАНУШЫ:
— Қыста, ең суық күндері қылқан жапырақтарды жинау басталады. Гидролат та сол қылқан жапырақтан дайындалады, оны әдетте қаңтар-ақпан айларында өңдейміз. Кейін қар еріп, табиғат жандана бастайды. Шие мен алма ағаштары гүлдейді. Алғаш болып шығатын – өгейшөп, оны біз шайға арнап жинай бастаймыз. Содан кейін жұмыс қыза түседі де, жалғаса береді. Ал демалыс уақытымыз – күз мезгілі, яғни қыркүйектен желтоқсанға дейін.
Маманның хош иісті әрі пайдалы шөптерді жинап, сақтауға арналған түрлі құрал-жабдығы жеткілікті. Ал бәрі қарапайым нәрседен – отбасындағы шөп шайға деген сүйіспеншіліктен басталған. Кейін бұл қызығушылық терең зерттеуге ұласып, ақырында өмірін ботаникамен байланыстыру туралы маңызды шешім қабылдаған. Бүгінде Анастасия Кравченко – Қазақстандағы ресми түрде диплом алған санаулы шөптанушылардың бірі.
АНАСТАСИЯ КРАВЧЕНКО, ШӨПТАНУШЫ:
— Мен жай ғана орманда, далада жүріп, өсімдіктерді танып: «мынау – осындай шөп, оны былай жинау керек, былай сақтау керек, бұл мына нәрсе үшін пайдалы» екенін білгім келді. Осыны меңгеруді армандадым, қазір соны жетік білемін.
Нәтижесінде, білім қоры молайып, шөптерге деген қарапайым әуестік отбасылық кәсіпке айналды. Сөйтіп, табиғи шөп және шай қоспаларын өндіре бастады. Қажет шикізаттың бір бөлігін ол Қостанай облысының аумағында өзі жинаса, енді бірін өз саяжайында өсіреді. Алайда шөптанушы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде өзінің эко-косметика брендін жасап шығарды. Алдағы жоспары да ауқымды. Ал оған әрдайым қолдау көрсететін жолдасы мен үш ұлы бар. кейіпкердің айтуынша, отбасының осы қолдауы оны үнемі алға ұмтылуға жігерлендіреді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.