Шымкентте Digital Kazakhstan 2026 форумы өтіп жатыр. Форум алғаш рет оңтүстік өңірде ұйымдастырылып отыр. Халықаралық деңгейдегі бұл ауқымды іс-шара елімізде тұрақты цифрлық экономиканы қалыптастыру, жасанды интеллектіні негізгі салаларға енгізу және өңірлердің технологиялық дамудағы рөлін күшейту бағытындағы стратегиялық ұстанымын көрсетеді. Алаңда стартап жоба авторлары, IT компаниялар, бизнес қауымдастық, сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері бас қосқан. Бұл – серіктес табуға, инвестор тартуға және өз жобаларын таныстыруға үлкен мүмкіндік. Форум аясында IT және жасанды интеллект бағытындағы түрлі жобалар мен бастамалар таныстырылуда. Қазіргі таңда шараға 3000-ға жуық адам қатысып отыр.
НҰРМАХАН ЗАКАРИН, «ASTANA HUB» ӨКІЛІ:
– Форумның алғашқы мақсаты – цифрландыруды орталықтандыру, өйткені біз IT таланттардың, IT-компаниялардың тек елорда төңірегінде емес, барша аймақта дамығанын қалаймыз. Әлемнің ТОП- 500 суперкомпьютеріне кіретін KazLLM ALЕMCLOUD суперкомпьютері Қазақстан нарығында жұмыс істейді. Бұл біздің азаматтардың өңделген ақпараттары шетел мемлекеттеріне берілмейді, барлығы Қазақстан территориясында сақталады дегенді білдіреді. Бұл – ең әуелі цифрландыруды қауіпсіз өткізуге алып келетін басты үдерістердің бірі.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
– Форумға Ресей, Армения, Қырғызстан, Беларусь елдерінің премьер-министрлері, сондай-ақ, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, Freedom Holding Corp бас директоры Тимур Турлов, «Қазақтелеком» компаниясының басшысы Бағдат Мусин қатысып жатыр. Бірқатар мемлекеттік және халықаралық маңызы бар келісімдерге қол қойылады деп жоспарланған. Дегенмен пленарлық отырысқа БАҚ өкілдері тек онлайн қатысып отыр. Шымкент – өндірістік және экономикалық әлеуеті жоғары маңызды өңірлік орталық. Форумның дәл осы қалада өтуі нақты секторды цифрландыру, өнеркәсіпке жасанды интеллектіні енгізу және өңіраралық технологиялық ынтымақтастықты нығайту бойынша мазмұнды диалог орнатуға мүмкіндік береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.