Ішкі істер саласында жаппай тазарту жүргізілуі керек. Алматы қаласында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасынан соң депутаттар осылай деп отыр. Қайғылы оқиға елді дүр сілкіндірді. Депутаттар заң алдында тізгін тартпайтын жастарға қатаң шара қолдану керектігін айтады.
Әл-Фараби даңғылы бойындағы адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасын қалың ел әлі талқылап жатыр. Жолда жиілеген мұндай бассыздыққа мәжіліс депутаттары да пікір білдіруде.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Ішкі істер саласына толық тазарту керек. Тек ішкі істер департаменті емес, Қазақстан бойынша осындай шара жүргізу керек. Құқық қорғау органдары жоғары лауазымды қызметкерлердің, шенеуніктердің, ірі кәсіпкерлердің балаларына «крыша» болып отыр. Бұл құбылыс Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңіріне тән.
Ішкі істер органдарындағы кадрлық мәселелер немесе қызметтен босату басталып кетті. Қазірдің өзінде Алматы қаласы полиция департаментінің бірнеше басшысы лауазымынан айырылды.
ШЫҢҒЫС ӘЛЕКЕШЕВ, ҚР ІІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— ІІМ тапсырмасымен Алматы қаласында болған резонанстық ЖКҚ-сы алғашқы сәттен бастап ерекше бақылауға алынды. Қазіргі уақытта қоғамда айтылып жатырған барлық уәждер егжей-тегжейлі тексерілуде. Алдын хабарланғандай, аталған апат бойынша бұған дейін қылмыстық іс қозғалды. ЗИКР автокөлігінің жүргізушісіне соттың санкциясымен қамаққа алу шарасы қабылданды. Апат кезінде ол жеңіл дәрежедегі алкоголдік масаң күйде болғаны анықталды.
Елдің жағасын ұстатқан оқиғаға бойынша тергеп-тексеру жалғасып жатыр. ЗИКР көлігін тізгіндеген адамға қатысты қозғалған қылмыстық істен бөлек, заңсыз нөмірлерді беру, полицейлердің өз міндеттеріне атүсті қарауы да назарға алынған. Полиция департаментінің бір басшысын таситын жүргізуші уақытша тергеу изоляторына қамалды. Министрліктің құрылымдық бөлім басшылары Алматыға арнайы тексеру жүргізуге жіберілген. «Бұл жол-көлік оқиғасы жүйедегі жылдар бойы қордаланған мәселені ашып берді», — дейді сарапшылар. Енді көшедегі көлік жарыстарына көз жұма қарап, заң бұзғандарға уақытылы шара қолданбаған қызметкерлер түгел тексеріледі.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.