Павлодарда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілген баспаналар сапасыз салынған

Павлодарда сапасыз салынған үй тұрындарды әбігерге салды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілген баспаналардың қабырғалары қақырап кеткен. Мердігер не дейді? Құрылыстағы кем-кетік қашан дұрысталады?
Бұл отбасы былтыр ғана Жетекші ауылынан баспана алып, қоныстойын тойлаған. Алайда қуаныштары көпке созылмады. Айтуларынша, үйді жылытатын пеш үнемі істен шығады. Салдарынан қабырғалар көгеріп, жарық пайда болған. Көмірді екі есе көп шығындайды. Кәріз жүйесінде де ақау бар.

Ал бұл үйдің ай сайынғы жалдау ақысы – 16 мың теңге. Баспананың жалпы құны 19 миллион теңгеге бағаланған. «Үй аса қымбат болмағанымен, сапасы сын көтермейді», — дейді тұрғындар.

БАҚЫТ ДАЙЫРОВА, ЖЕТЕКШІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бұған дейін акт жасап, кемшіліктерді жоюды талап еттік. Енді күн жылығанын күтіп отырмыз. Не істейтіндерін көреміз. Бірақ келісімшарттағы мерзім – желтоқсанның 24-іне дейін. Сол уақытқа дейін үлгермесе, бәрін өз қаражатымызға жөндеуге тура келеді.

Түйткілді мәселенің мән-жайын білу үшін Павлодар қаласы әкімдігіне хабарластық. Айтуларынша, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға баспана алу үшін қаржы соңғы үш жыл бойы бөлініп келеді. 2022 жылдан бері жеке инвестор Жетекші ауылында 36 пәтерге арналған баспана салған. Құрылысқа берілген кепілдік мерзімі – екі жыл.

ҚАДИША БЕГОТАЕВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Барлық үйді аралап шықтық. Әр пәтер бойынша тексеру актілері жасалып, мердігерге жолданды. Егер кемшіліктер жойылмаса, сотқа жүгінеміз. Тұрғындардың шағымы назардан тыс қалмайды, барлық ақау рет-ретімен түзетіледі.

Ал кепілдік мерзімінің аяқталуына тоғыз ай қалды. Әкімдік өкілдері күн жылынған соң мердігер барлық кем-кетікті жояды деп сендірді. Ал атқарылған жұмыстарды арнайы комиссия қабылдап алады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал