Пияз өсірумен айналысатын шаруалар өнімдерін өткізе алмай отыр

Алматы облысындағы пияз өсірумен айналысатын шаруашылықтар өткен жылы жиналған мол өнімді өткізе алмай отыр. Олар қоймаға сақтауға қойған пияздың әр келісін 20-30 теңгеден саудалауға кірісті. Өйткені бір айдың ішінде сатылмаса, пияз шіріп, диқандар қып-қызыл шығынға батуы мүмкін.
Дастан Есмұратов өткен жылы 6 гектар жерге пияз егіп, орта есеппен 40 тоннадан өнім алды. Қазір қоймаға сақтауға қойған 300 тонна пиязы өтпей тұр. Шаруалар күзде аталған дақылдың әр келісін 60 теңгеден саудаласа, қазіргі баға одан екі есе төмен.

ДАСТАН ЕСМҰРАТОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Бір келі пияз өндіруіміз өз бағасы – 47 теңге. Біз шығынға жұмыс істеп жатырмыз. Егін екпесек жеріміз бекер қалады. Үкімет жерімізді тартып алуы мүмкін. Сол себептен міндетті түрде бір өнім егуіміз керек.

Сондықтан шаруалар биыл пияздан бас тартып, мал азықтық дақылдар мен бау-бақша өнімдерінің алқабын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Шеңгелділік шаруалар өткен жылы 260 гектарға жуық алқапқа пияз егіп, 16 мың тонна өнім алған. Соның төрттен бір өлігін күзде саудалады. Ал қазір қоймаларда 4 мың тоннадай пияз бар. Күн жылынғандықтан, пияз өніп, шіри бастады. Шіріген пиязды қоймадан шығару үшін де адам күші мен қыруар қаржы қажет.

АСҚАР ИБРАИМОВ, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Шаруа қожалықтары қазіргі таңда шетелен келетін сатып алушыларды күтіп отыр. Олар сортталған пиязды 30 теңгеден сатуға дайын. 3970 тонна пияздың сұрыптаудан кейін шамамен 2500-2600 тоннасын сатуға мүмкіндік бар.

Жергілікті әкімдік шаруаларға Алматы қаласының іргесіндегі базарлардан тегін орын ұсынған. Бірақ пиязды онда жеткізу құны өте қымбат. Қонаев қалалық ауыл шаруашылығы бөліміндегілер сауда орындарымен келісімшарт жасасып жатыр. «Пияз шіріп кеткен жағдайда диқандарға барынша көмек көрсетіледі», — дейді жергілікті атқұарушы билік өкілдері.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал