Қазақстан ЕАЭО-ға мүше елдермен цифрландыру саласында тәжірибе алмасуға дайын

Қазақстан Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдермен цифрландыру саласында тәжірибе алмасуға дайын. Шымкентте өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында Үкімет басшысы осындай ұсыныс айтты. Олжас Бектенов еліміз Одаққа төрағалық ету шеңберінде Одақ қызметінің салаларына жасанды интеллектіні енгізуге, транзиттік әлеуетті ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге ниетті екенін білдірді. Сонымен бірге ішкі нарықтағы кедергілерді дәйекті түрде жоюға және сыртқы сауда ынтымақтастығын кеңейтуге баса көңіл бөлу ойы бар екенін де қосты. Бұл отырысқа Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Армения үкіметінің өкілдері мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты. Бақылаушы елдер – Өзбекстан, Куба, Ираннан да өкілдер бар. Айта кетейін, Қазақстан жаңа жылдан бері Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық етеді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Қазақстан өзінің алдына толыққанды цифрлық ел болу жөнінде стратегиялық міндет қойып отыр. Осы мақсатта Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі саналатын Astana Hub компаниясының негізінде заманауи экожүйе қалыптастырды. Білім беруді, ғылыми зерттеулерді және инновациялық жобаларды қолдау бастамасы біріктіретін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз ЕАЭО бойынша әріптестермен цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау саласында білім мен тәжірибе алмасуға дайынбыз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал