Шымкентте Digital Qazaqstan 2026 форумы өтіп жатыр. Алаңда стартап жоба авторлары, IT компаниялар, бизнес қауымдастық пен мемлекеттік орган өкілдері бас қосқан. Бұл – серіктес табуға, инвестор тартуға және өз жобаларын таныстыруға үлкен мүмкіндік. Форум аясында IT және жасанды интеллект бағытындағы түрлі жобалар мен бастамалар таныстырылып жатыр.
Халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шара елдің тұрақты цифрлық экономиканы қалыптастыру, жасанды интеллектіні негізгі салаларға енгізу бағытындағы стратегиялық ұстанымын көрсетеді. Форумға Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан, Беларусь елдерінің премьер-министрлері қатысты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Президент Үкіметтің алдына алдағы 3 жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойды. Жаңа технологияларды енгізу жылдамдығы, экономикалық жүйенің икемді және жедел бейімделу қабілеті елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бүгінде дәстүрге айналған «Digital Qazaqstan» форумының маңызы ерекше. Біз цифрландыруды жеке жобаларға бөлмейміз. Біз институттарды, инфрақұрылымды және адами капиталды дамыту арқылы тұтас экожүйе құрып жатырмыз.
Форум аясында Премьер-министр бірқатар үздік жобаға Digital Qazaqstan Awards ұлттық сыйлығын табыстады. Бұл марапат цифрлық және технологиялық трансформациядағы үздік тәжірибелерді мойындауға арналған. Үздіктердің бірі – Алақан жобасы. Жоба – қазірдің өзінде білім беру орындары мен кәсіп түрлерінде кең танымалдыққа ие болып келеді.
ҰЛАН АБИХАН, БАҒДАРЛАМА ӘЗІРЛЕУШІ:
— Бұл қалай жұмыс істейді десеңіз, бізде арнайы терминал бар, сол терминалға алақаныңызды қою арқылы өзіңіздің кім екеніңізді растайсыз. Мысалы, сатушы соманы енгізеді, содан кейін алақанын қояды, сол арқылы оның шотынан ақша шешіліп отырады.
Сондай-ақ бүгін DIGITAL QAZAQSTAN BATTLE жобасының финалы өтеді. Әр өңірден іріктелген үздік 20 жоба көпшілікке таныстырылып жатыр. Жүзден жүйрік шыққан 3 стартап 19 млн теңге жүлдеге ие болады.
ӘШІМБЕК ӘБІЛҒАЗИНОВ, БАҒДАРЛАМАЛЫҚ КЕҢСЕ ДИРЕКТОРЫ:
— Талаптар – нақты жобаның және бірінші сатылымның болуы. Бұл финалдың ерекшелігі – шетелге нарыққа шыққан стартап жобалар емес, жаңадан қадам жасап келе жатқан стартаптарға көңіл бөлдік. Өйткені олардың да өздерін халыққа жариялауға мүмкіндіктері болуы керек.
Шымкент – өндірістік және экономикалық әлеуеті жоғары маңызды өңірлік орталық. Форумның дәл осы қалада өтуі нақты секторды цифрландыру, өнеркәсіпке жасанды интеллектіні енгізу және өңіраралық технологиялық ынтымақтастықты нығайту бойынша мазмұнды диалог орнатуға мүмкіндік береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.