Биыл қазақ даласына кеңінен танымал «МузАрт» тобына 25 жыл толды.
Осыған орай Түркістан музыкалық драма театры топтың құрылған сәтінен бүгінге дейінгі шығармашылық жолын пьеса ретінде сахналап, көрерменге ұсынды. Музыкалық драма Астана тұрғындарына да жол тартты. Спектакльде тек топтың өмірбаяны ғана емес, әртістердің танымал болмай тұрып бір-бірін табуы, бастан өткерген қиындықтары да шынайы көрініс тапқан. Әсіресе Мақсат Базарбаевтың топтан кетуі мен Мейрамбек Бесбаевтың ауыр дертке шалдығуы сияқты күрделі кезеңдер әсерлі жеткізілген. Көрермен сахнадағы оқиғаға терең үңіліп, сол сәттерді бірге өткергендей күй кешті: бірі күліп, бірі көз жасына ерік берді. Ал спектакльде өнер көрсеткен актерлердің айтуынша, кастинг оңай болмаған. Рөлге үміткерлер сырт келбетіне ғана емес, дауыс ұқсастығына қарай да іріктеліп, вокалдық дайындыққа ерекше мән берілген.
АҚСҰЛТАН АНУАРБЕК, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:
— Мен «МузАрт» муздрамасында Төрежан Сердәлі деген радиожүргізушінің рөлін сомдаймын. Персонажымның өмірі арқылы біз МузАрттың тарихын баяндап отырамыз. Спектакль барысында жаңалықтарды айта отырып, өзімнің ғашығымды табамын, оған сөз саламын. Бірақ барлығы МузАртқа байланысты.
ШЕРХАН САМАТҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:
– «МузАрт» тобындағы ағаларымызды ойнау бізде бірінші рет және үлкен тәжірбие болды.
ТЕМІРСҰЛТАН МЕЙІРБЕК, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:
– Ағаларымыздың өнер жолын зерттеу үшін ютубта қор ақтарып, олардың жас кезін қатысты көп мәлімет іздедік. Мақсат аға былай айтқан екен, Мейрамбек аға былай айтқан екен, Кенжебек келгенде бүйтіпті ғой деп, пьесаны толқытырып, халыққа ұсынып жатырмыз.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.