Атырауда ер адам туған балаларын зорлап келген

Атырау қаласының тұрғыны 3 жылдын бері әділдік таппай жүр. Ол күйеуін өзінің туған балаларын зорлады деп айыптап отыр. Полиция департаментіне арызданған жәбірленушінің сөзінше, іс созбалаңға салынып, тіпті қайта-қайта тоқтатылған.
Өзінің және балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған ана аты-жөні мен бет-әлпетін көрсетпеуді сұрады. Жәбірленуші жантүршігерлік жайт туралы 3 жыл бұрын білген. Сол уақытта бүлдіршіндер тұйықталып, тіпті түнде шошынатын болған. Кейін әкесінен қорқатынын байқаған. Егіздердің анасына балабақшадағы тәрбиеші де хабарласып, балалардың мінез-құлқы бұзылғанын ескертіпті. Осыдан кейін барып, анасы психологтармен сөйлесіп, осындай сұмдықтың бетін ашқан.

Қала тұрғыны 2023 жылдың 20 қарашасында күйеуі өзінің егіз баласын зорлады деп полицияға арызданған. «Алайда дәлелдер болса да, осы уақытқа дейін күдікті қамауға алынбады», — дейді ол. Қылмыстық істің 3 жылдан бері созбалаңға салынып келе жатқанын айтады. Жүргізілген тергеу кезінде де балалардың зорланғанын мамандар анықтаған.

ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Сарапшылар ешқандай геморрой да, долихосигма да емес, зорлау фактісі екенін атап өтті.

«Осындай дәлелдер бола тұра күдікті бостандықта жүр», — дейді егіздердің анасы. Ал полиция өкілдері тергеу амалдарының әлі де жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

МЕЙІРІМ ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Аталған дерекке қатысты қазіргі таңда Қылмыстық Кодекстің 121-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тиісті кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысы бақылауға алынған. Түпкілікті процессуалдық шешім тергеу аяқталған соң қабылданатын болады.

«Екі жарым жылдан бері істің сотқа жолданбауына күдіктінің туыстары себеп болып отыр», — дейді жәбірленуші. Оның сөзінше, күйеуінің әпкесі сот жүйесінде қызмет етеді.

ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Туған әкесінің кіші қарындасы судья болып жұмыс істейді. Сол осы істі сотқа жібермеудің барлық амалын жасап жатыр. Сондықтан бұл істі тергеуші департамент ҚР ІІМ-ге тапсырсын. Ол айуанды қамауға алсын, істі сотқа жіберсін. Болды, басқа сұрайтыным жоқ.

Балалардың анасы, күйеуінің тиісті жазасын алып, сот алдында жауап бергенін қалайды. Ал полицияның хабарлауынша, тергеу әлі жалғасып жатыр, сондықтан әліптің артын бағып, күтуден басқа амал жоқ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал