Еріген қар суы Теміртау тас жолының бір бөлігін шайып кетті

Қостанай қаласының іргесіне қарғын су кірді. Еріген қар суы автомобиль жолдарын шайып, аула мен саясайжарға жайылған. Қарағанды облысында да осындай жағдай. Қалада қар еріген. Бірақ өзен-көлдердің көбесі әлі сөгіле қойған жоқ. «Сондықтан қызыл судан қауіп бар», — дейді мамандар. Құтқарушылар ел аумағындағы жолдарды әуеден бақылап жатыр.
Қарағанды облысында еріген қар суы Теміртау тас жолының бір бөлігін шайып кетті. Бұл – Астана – Қарағанды – Алматы республикалық трассасының учаскесі. Күннің күрт жылынуы мен қардың жаппай еруі салдарынан барлық еріген су жолға жайылып, бір жолағын басып қалған. Су ағысының ені 3 метрге дейін жеткен, кейін ағысы күшейіп, жол жиегі бойымен 80 метрге дейін созылған. Судың екпіні қатты болғаны сонша электр бағандарының біріне зақым келтірген. Бірақ асфальт жабындысы бүлінбеген.

ДІНМҰХАМЕД ЕРКІН, ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Осы жол учаскесінің бойында күл үйіндісінің үйіндісі бар. Шамамен еріген су сол еңістерден ағып келіп, баратын жері болмай, жолға жақындаған. Су толық өткеннен кейін біз жол жиегін нығайту жұмыстарын бастадық. Одан кейін алынған жарық бағанын қайта орнына қоямыз.

Қостанай облысындағы елді мекендерге де тасқын қаупі төнді. Алдымен Денисов ауданы тұрғындарынан шағым түсе бастаған. Онда Аршалы мен Набережное ауылдарының арасындағы жергілікті маңызы бар автожолдың үстінен су жүрген. Кейін қаладағы «Мелиоратор» бау-бақша қоғамының тұрғындары да қарғын суға тап болған. Онда еріген қар суы негізгі жолдарға жайылып, саяжай учаскелерін басып қалған. Қостанай ауданындағы «Қонай» шағын ауданы мен Мичуринское ауылына қарай да екпіндеген қызыл су еніп үлгерген.

ОЛЖАС НҰРҒАЛИЕВ, ҚОСТАНАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Қардың қарқынды еруіне және еріген судың көбеюіне байланысты Мичурин ауылдық округінде елді мекендердегі көшелер мен жолдарды ашу туралы шешім қабылданды. Бұл шаралардың барлығы тұрғын үйлер мен халықтың мүлкін сақтау үшін жасалып жатыр. Тұрғындарды сабыр сақтауға шақырамыз. Жағдай тұрақталғанға дейін барлық қажет техника мен жеке құрам жұмыс істейді.

Тасқын қаупі төнген аумақтарда ТЖД күштері, жергілікті атқарушы органдар және полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Жағдайды бақылау үшін құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы әуеден бақылау жүргізуде. Бүгінде елімізде су басу қаупі бар 200-ден астам учаске бар. «Егер күн күрт жылынып, 20 градус жылылық біраз сақталса, кейбір учаскелерді су басу қаупі күшейеді», — дейді жол саласының мамандары.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал